Қазақстан 100 мың тонна дизель отынын импорттайды

«Қабылданған шараларға тоқталсақ, Қазақстан аумағынан бензин, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль көлігімен әкетуге тыйым салу жөнінде бірлескен бұйрық қабылданды. Жанар-жағармай құю станцияларында сараланған бағаларды енгізу бойынша бұйрық қабылданды, сондай-ақ дизель отынының лимиттелген көлемін беруге бақылауды іске асыру мақсатында осы бұйрыққа толықтырулар енгізіліп жатыр. Сонымен қатар, вагон цистерналарын беру саны артты», - деді Б. Ақшолақов.
Оның айтуынша «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазмұнайгаз» Үкіметтің тапсырмасы аясында қыркүйек-қазан айларында 100 мың тонна дизель отынын импорттауға келісімшартқа қол қойды. Қазіргі кезде 10 мың тонна дизель отыны импортталды.
«Жанар-жағармай бағасын негізсіз көтеру және сатудан бас тарту мәселелері бойынша азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою үшін Энергетика министрлігінде және ірі жанар-жағармай құю станцияларының желілерінде «колл-орталықтар» құрылды. Облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктері мұнай базаларындағы жанар-жағармай материалдарының қалдықтарын мониторингілеу, сондай-ақ ЖЖМ көлемдерін шалғайдағы елді мекендерде орналасқан жанармай құю станцияларына бөлу жөнінде шешімдер қабылдау үшін жедел штабтар құрды», - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел шараларды қабылдау үшін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссия құрылды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, мұнай өнімдерін өндірудің 2022 жылға арналған болжамы 13,72 млн тоннаны құрайды, бұл 2021 жылға қарағанда 1,04 млн тоннадан астам жоғары.