Қазақстан әлемнің 187 елімен дипломатиялық қатынастар орнатқан
АСТАНА. KAZINFORM — 2 шілдеде Қазақстанда Дипломатиялық қызмет күні аталып өтеді.

1992 жылы 2 шілдеде Тәуелсіз Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі құрылған еді. Дәл осы күні Президенттің «Сыртқы істер министрлігі туралы», «Қазақстан Республикасының елшілігі туралы» және «Төтенше және Өкілетті елшісінің негізгі міндеттері мен құқықтары туралы» ережелерді бекіту туралы Жарлығы шықты.
Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, бүгінде Қазақстан әлемнің 187 мемлекетімен дипломатиялық қатынастар орнатқан. 1992 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болған соң, ең ірі әлемдік және аймақтық деңгейдегі ұйымдарға мүше атана бастады.
Бүгінде Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі сынды 200-ге жуық халықаралық және өңірлік ұйымдардың, оның ішінде БҰҰ-ның мамандандырылған мекемелері мен бағдарламаларының мүшесі.
Қазақстан Республикасының әлемнің 80 елінде 122 шетелдік мекемесі бар. Олардың ішінде 75 елшілік, халықаралық ұйымдар жанындағы 7 тұрақты өкілдік, 40 бас консулдық, консулдық және шет елдердегі мекемелердің өзге де түрлері бар.
Бұған дейін цифрландырудың жаһандық дипломатияға қалай әсер еткені туралы шолу жарияланған еді.
Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Молдова Премьер-министрінің орынбасары — Сыртқы істер министрі Михай Попшойды қабылдады.