Қазақстан Ауғанстан мен Руанданың жер қойнауын зерттеп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық «Тау-Кен Самұрық» компаниясы Руанда мен Ауғанстан аумақтарында сирек және сирек жер металдары бойынша геологиялық барлау жұмыстарын бастады. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов Ақорда кулуарында айтты.

Жер қойнауын пайдаланушылар
Фото: gov.kz

Қор басшысы «Тау-Кен Самұрық» компаниясы шетелдік әріптестеріне үлкен қызығушылық танытып отырғанын, Руанда мен Ауғанстанда нақты жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

– Руанда бойынша біз олардың мемлекеттік органымен бірлескен қызмет туралы тиісті келісім орнатқанбыз. Қазіргі уақытта бес нысаналы аймақ анықталды. Сол аймақтарға шығу үшін бізге олардың мемлекеттік компаниясымен бірлескен кәсіпорын құру қажет. Біздің тарап барлық құжатты мақұлдап, руандалық тараптың қарауына тапсырды, – деді Н.Жақыпов агенттік тілшісіне берген сұхбатта.

Қазақстан руандалық серіктестер мақұлдауын жыл соңына дейін күтеді. Осыдан кейін бірлескен кәсіпорын пайдалы қазбаларды барлаумен және өндірумен айналыса алады.

– Ауғанстан бойынша да жұмыс жүріп жатыр. Онда екі учаскеден сынама алдық, олар жақсы геологиялық нәтиже көрсетті. Мұнда әзірге өндіру туралы сөз жоқ, біз қазір ықтимал жергілікті серіктестермен лицензиялар бойынша әрі қарай қалай не істеу керегін талқылау деңгейіндеміз, – деді «Самұрық-Қазына» басшысы.

Сынамалар шілде айында алынған, зертханалық зерттеулер қыркүйекте жүргізілген. Бұл ретте Н.Жақыпов нақты қандай пайдалы қазбалар табылғанын айтпады.

– Қазақстан үшінші елдерден келетін шикізатты терең өңдеуді дамытады және сирек әрі сирек жер материалдарын өндіру бойынша өз өндірістік қуаттарын жүктеуді жоспарлап отыр, – деді Н.Жақыпов.

Еске сала кетсек, биыл мамыр айында Руанда Президенті Поль Кагаме Қазақстанға ресми сапармен келді. Онда Қазақстан Руандадан берилий концентратын сатып алатыны хабарланған еді.

Сондай-ақ, Қазақстан Ауғанстаннан да берилий импорттауы мүмкін екені айтылды.

Соңғы жаңалықтар