Қазақстан ауылдарға интернет тарту үшін халықаралық банктен қарыз алады – депутаттар неге наразы

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мыңнан астам шалғай ауылдарына талшықты-оптикалық байланыс желілері мен кеңжолақты интернет тарту үшін Халықаралық Қайта құру және даму банкінен 84 млрд теңге қарыз алады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Мәжіліс отырысында айтты.

а
Фото: Kazinform

Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасы қызу талқыланды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, бұл келісім «Қазақстан экономикасын инклюзивті дамыту үшін дайындалған жедел цифрландыру» жобасы аясында жасалып отыр. 

 

                                                                  «Соңғы миль»

Қазір Қазақстанның кей ауылдарында интернет бар, бірақ оның сапасы жеткіліксіз. Осы жобаның арқасында мыңнан астам ірі ауылда әр үйге дейін талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылады. Бұл «соңғы миль» деп аталады.

− Жоба қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті жедел азайтуға бағытталған. Келісімнің мақсаты – телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, яғни ауылдық жерлерде интернет желісін үй шаруашылықтарына дейін жеткізу, сонымен бірге жеке инвестициялар тартып, байланыс саласындағы шағын және орта операторларға қолдау көрсету. Жалпы инвестиция көлемі шамамен 84 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде жоба шеңберінде капиталды шығындардың 50 пайызға дейінгі бөлігі судсидияланады, − деді Цифрлық даму министрі.

Аталған жоба 2025-2027 жылдары үш жыл жүзеге асырылады. Осы кезеңде 1123 ауыл қамтылады. Бұл шамамен 2,3 миллион азамат немесе 500 мыңнан астам үй шаруашылығына қатысты болмақ.

 

                                Шағын және орта операторларға басымдық беріледі

Министрдің айтуынша, талшықты-оптиканы жеткізу жұмысы арзан емес. Операторлар да шалғай ауылдарға баруға құлықсыз, қаржылық жағынан тиімсіз. Сол үшін мемлекет операторларға жұмсалған шығындардың 50 пайызына дейін субсидиялайды.

− Жоба конкурсына кемінде 350 жеке абоненті бар және қаржылық тұрақтылығы дәлелденген шағын және орта байланыс операторлары қатыса алады. Сондай-ақ, бір шағын жобаға берілетін субсидияның ең жоғары мөлшері 250 млн теңгеге дейін болатынын атап өткім келеді. Аталған жобаны іске асыру ауылдағы шағын және орта бизнесті дамытады, бюджетке қосымша салық түсімдерін қамтамасыз етіп (2 млрд теңгеден астам), 800-ден астам уақытша және 200-ден астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, − деді сала министрі.

Ж. Мәдиев гранттар тек орта және шағын операторларға берілетінін атап өтті.

− Қазақстанда қазір 420-дан астам оператор ресми түрде жұмыс істейді. Біз шағын операторлар қауымдастығымен кездестік, біздің болжам бойынша 70-тен астам оператор осы конкурсқа қатысуға ниет білдірді. Сондықтан осындай шарттар шағын және орта операторларға мүмкіндік береді деп ойлаймыз, − деді ол.

                                         

                                           Қаражат неліктен өз елімізден табылмады

Өз кезегінде Мәжіліс депутаттары өзге елден қарыз алуға қарсы шығып, ауылдарды интернетпен қамтамасыз етуге неге өз холдингтеріміз тартылмағанын сұрады.

Қосымша баяндамашы болған депутат Екатерина Смышляева бұл қарыздың жапон йенасымен әрі өте тиімді шарттармен 2035 жылға дейін берілетінін айтуда. Бұл валютада базалық мөлшерлеме төмен және тұрақты, пайыз мөлшері 1 пайыздан төмен. Қарыз алғашқы үш жыл төленбейді.

− Бұл байланыс түрі – ең жылдам, тұрақты және қауіпсіз. Үйлерде сымды интернет болған жағдайда, отбасының байланысқа жұмсайтын шығыны азаяды. Ауылдағы адамдар «ақылды» құрылғыларды, смарт-техниканы мегаполис тұрғындары сияқты пайдалана алады. Сонымен бірге, жерүсті желілерін кеңейту арқылы біз тек ауыл өмірін жақсартпаймыз, елдің технологиялық егемендігін нығайтамыз, − деп түсіндірді Е. Смышляева.

Жеткізушілерді таңдау ашық конкурс арқылы өтеді. Монополияға жол бермеу үшін бір компанияға берілетін қаржы мөлшері шектелген. Сондай-ақ, жеткізушілер тарапынан қосымша қаржыландыру да қарастырылған.

Сонымен бірге, талшықты-оптика тартылған соң операторлар халықтың Әлеуметтік осал тобына арналған тарифтер қарастырылмақ.

 

                                       Қарызбен келген ақша – қайырымдылық емес

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек бұған дейін «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасына 1 трлн 499 млрд теңге бөлінгенін, оның ішінде 333 млрд теңге 17 іс-шараны іске асыруға арналғанын атап өтті.

− Сіздерге бағынысты ведомство бұл іс-шараларды орындамай отыр. 2024-2027 жылдарға 3 033 ауылдық елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желісін жүргізу жоспарланған. Бұл үшін республикалық бюджеттен 73 миллиард теңге бөлінетіні жоспарланған. Яғни бюджетте қаржы қарастырылса, не үшін сіздер қарыз алып жатырсыздар? Бұл Халықаралық банктің қайырымдылық көмегі емес қой, оны қайтару керек. Бұл қарыз үшін біздің ұрпақтарымыз жауап береді, − деді Б. Базарбек.

Цифрлық даму министрі бұл жерде қаржының қосарланып бөлінуі мәселесі жоқтығын айтып, ақталды.

− «Қолжетімді интернет» жобасында сіз атап өткен 1,4 трлн теңгенің басым бөлігі − жеке инвестициялар. Яғни бұл республикалық бюджеттің ақшасы емес. 3 мыңнан астам ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісін тартуға былтыр бюджеттегі қиындықтарға байланысты қаражат бөлінбеді. Сондықтан бюджет комиссиясы тек жылдың соңында, желтоқсан айында бұл сомаға рұқсат берді. Қыс мезгілінде құрылыс жұмыстарын жүргізу қисынсыз. Осыдан кейін біз жобаны қайта форматтап, бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында өзгерістер енгіздік. Өткен аптада «Қазақтелеком» компаниясымен инвестициялық келісімге қол қойып, жоба құнын 10 миллиард теңгеден астам сомаға қысқарттық, − деді Ж.Мәдиев.

Сонымен бірге, жобаны іске асыру мерзімі де бір жылға қысқарған. Яғни, бастапқыда 2027 жылға жоспарланған жоба 2026 жылдың соңында аяқталуы қажет. Нәтижесінде «Қолжетімді интернет» жобасында 3 мыңнан астам ауылдық елді мекенге байланыс желісі жүргізіледі.

− Бүгін қаралып отырған қарыз бен оның ратификациясы мемлекеттік-жекешелік жобаларға да, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасына да енбеген аумақтарға интернет жүргізуге бағытталған, − деді министр.

 

                                        Спутниктік интернетке көзқарас өзгерді ме

Депутаттар шалғай ауылдардағы интернет мәселесін неліктен спутникті интернет арқылы шешілмегенін сұрады.

− Осы уақытқа дейін интернетке миллиардтаған қаражат бөлінді. Біз азаматтардың құқығын бұзып отырмыз, қазір 2 миллионға жуық адам интернетке қол жеткізе алмай жүр. Ал біз мемлекеттің бүкіл қызметін E-Gov-қа салып қойдық. Амал жоқ, шал-кемпірге дейін шалғай ауыл тұрғындары қалаға келуі керек, − дейді депутат Мұрат Әбенов.

Министр жақында Старлинк компаниясымен түпкілікті келісім орнатылғанын, бір жыл бойы әрі Старлинк тарапымен, әрі ұлттық қауіпсіздік органдарымен келіссөздер жүргізілгенін айтты.

− Оған қоса, спутниктік интернет бойынша бәсекелестікті дамытып жатырмыз: Старлинктен бөлек, OneWeb те бар, Amazon-ның Kuiper жобасы іске қосылды, қазір басқа елдердің компаниялары да жобаларын әзірлеп жатыр. Ал стратегиямыз өзгерген жоқ. Біз талшықты-оптикалық байланыс желісін тартуды Қазақстанның барлық өңірінде негізгі инфрақұрылым деп есептейміз. Өйткені бұл елге, инфрақұрылымға жасалған инвестиция. Бұл жүйе 15-20 жыл бойы сапалы байланыспен тұрақты түрде қамтамасыз ете алады. Ал спутниктік интернет − шетелдік провайдерлердің қызметі. Сондықтан ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан әрдайым балама болуы керек деп есептейміз, − дейді Жаслан Мәдиев.

Талқылау соңында Халықаралық қайта құру және даму банкінен қарыз алу туралы келісімді ратификациялауды 88 депутаттың 77-сі жақтады, 5-еуі – қарсы болып, 6 депутат қалыс қалды. Осылайша, көпшілік дауыспен шешім қабылданды.

Бұған дейін Цифрлық даму министрі елімізде Starlink интернеті биыл қосылатынын, бірақ бағасы қымбат болатынын айтқан еді.

 

Соңғы жаңалықтар