Қазақстан ауылдарында халықтың 37% қалды

АСТАНА. KAZINFORM — «Ауыл» партиясының басты мақсаты — елді аграрлық державаға айналдыру. Бұл туралы партия төрағасы, Мәжілістегі аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев «Ауыл» партиясының 25 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференцияда айтты. 

Қазақстан ауылдарында халықтың 37% қалды
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

− Ауыл мен аграрлық секторды дамыту — біздің қызметіміздің басты бағыты болып қала береді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ойластырылмаған жаппай жекешелендіру әлеуметтік және экономикалық күйзелістерге алып келді және аграрлық саланы да қамтыды. Тиімсіз реформалар салдарынан Қазақстан картасынан 1,5 мыңнан астам ауыл жойылып кетті. Ауыл тұрғындарының, әсіресе жастардың қалаларға жаппай көшуі күшейіп отыр. Қазір ауылда халықтың 37%-дан аз бөлігі тұрады, өкінішке қарай, бұл үрдіс артып келеді. Ал 90-жылдардың басында ауыл тұрғындарының үлесі 60%-дан асатын, − деді Серік Егізбаев.

Қазақстан ауылдарында халықтың 37% қалды
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Партия төрағасы Қазақстанның бұрынғыдай аграрлық елге айналуы керектігін баса айтты. Бұл ұстаным ел Президентінің стратегиялық бағытымен толық сәйкеседі.

− Қазақстан аумағы бойынша әлемде 9-орында, ал ауыл шаруашылығы жерінің көлемі бойынша 6-орында екенін жиі айтамыз. Алайда осындай мол ресурсқа ие бола отырып, ауыл шаруашылығының жалпы ішкі өнімдегі үлесі жөнінен әлемдік рейтингте тек 43-орындамыз. Бұл көрсеткіш бойынша жері мен ресурстық мүмкіндіктері бізден әлдеқайда аз көрші елдер алдымызда тұр, − деді спикер.

Қазақстан ауылдарында халықтың 37% қалды
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Еске салсақ, биыл елімізде араға 18 жыл салып ауыл шаруашылығы санағы өтеді. Санақтың негізгі кезеңі 1 тамыз бен 20 қазан аралығын қамтиды. Ол онлайн және офлайн кезеңдерге бөлінеді. Ең алдымен 1-31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz. сайтында онлайн-сауалнама жүргізіледі.

 

Соңғы жаңалықтар