Қазақстан азаматтары бірінші АЭС-ке ұсынған атаулар: Үміт, Тұран, Тұмар, Жарық
АСТАНА. KAZINFORM — Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев еліміздегі тұңғыш атом электр стансасына «Балқаштан» басқа тағы қандай атаулар ұсынылғанын айтты.
- Байқау Қазақстан азаматтарының атом стансасының қалай аталатындығына қатысты пайымының барлық шоғырын алуға мүмкіндік берді. Біз байқау комиссиясы ретінде басым дауыс негізінде шешім қабылдадық, - деді агенттік басшысы Ақордада БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның мәліметінше, географиялық белгілерге және салаға қатысты Жарық, Қуат, Іле, Мойымқұм, Үлкен сынды атаулар ұсынылды. Жалпы берілген дауыс саны жағынан «Болашақ» атауы екінші орында тұрды.
- Сондай-ақ қазақстандықтардың ішкі сезімдеріне байланысты Үміт, Тұңғыш сынды, тарихи мұралармен байланысты Тұран, Ұлы дала, Тұмар сынды өте қызықты атаулар да өте көп болды. Осы атаулардың бәрін сараладық. Дегенмен, база ретінде азаматтардың басым бөлігі қолдау білдірген атауды алдық. 27 мың қазақстандықтың 889-ы «Балқаш» атауын таңдады, - деді Алмасадам Сәтқалиев.
17 қарашада конкурс комиссиясының қорытынды отырысының нәтижесі бойынша азаматтардан ең көп ұсынылған «Балқаш» атом электр станциясы» атауы жеңімпаз деп танылған еді.