Қазақстан банктерінің табысы дамыған елдерден көп – Өзгерісті неден бастау керек
АСТАНА. KAZINFORM — Елдегі бюджет тапшылығын жою үшін Ұлттық қордан қаржы алуды тоқтатып, банктерге жауапкершілік жүктеу керек. Бұл пікірді KAZINFORM агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкастында Мәжіліс депутаты Еркін Аманжолұлы және экономист, сарапшы Ләззат Жанмолдаева айтты.
— Қазір дамыған елдермен салыстырғанда да біздің банктердің табысы көп. Өйткені олар жеңіл, қаупі аз, халыққа жоғары пайызбен несие беріп қана қыруар табыс табады. Бірақ мемлекет пен экономикаға еш қаржы салып отырған жоқ. Ал Еуропа, Америка банктерге мұндай мүмкіндіктер бермейді. Олар міндетті түрде шағын және орта бизнесті дамытуға, аграрлық секторға қаржы бөлуге міндеттейді. Бізде ондай міндеттеме жоқ. Сондықтан банк жүйесіне өзгеріс керектігі жиі айтылып жүр, - деді Л. Жанмолдаева.
Мәжіліс депутаты Еркін Аманжолұлы да елімізде экономиканың бір ғана секторы – банк саласы ғана дамып жатқанын атап өтті.
— Олар нақты тауар өндірмейді, қаржылық қызметтер — виртуалдық байлық немесе тұтынушы мен банк арасындағы ғана қызмет. Мемлекеттің ешбір бағдарламасына, өндіріске қосылмайды. Инфляция да содан болып отыр. Қаржылық сектор тез даму үстінде, қосымша ақша айналымда көбеюде, ал нақты тауар жоқ. Сондықтан да бағалар өсіп жатыр, - деді депутат.
Подкаст қонақтары Ұлттық қордан қаржы алуды біртіндеп азайтып, бюджет тапшылығын банктер қаражаты арқылы жабуды ұсынды.
— Қазір Ұлттық қордан ақшаны алып, экономикаға төгудеміз, елімізде сол ақшаға өндірілген тауар жоқ. Сондықтан не істесең де, қалай күрессең де, бағаны қалай бақыласаң да, бәріміз Ұлттық қордан ақша ала берсек, инфляция өсе береді.
Ұлттық қордан қаржы алуды тоқтату керек. Әрине, бюджет тапшығы ешқайда кетпейді, ел ішінен табыс тапқан жөн. Бұл тапшылықты табатын бос қаражат банктерде бар. Олардың табысын толығымен экономикаға жіберсек, тапшылықтың орны толады. Бірақ банктер де өз еркімен қаржы бермейді, оны заңмен реттеу керек. Оған қоса, ислам банкингін енгізу үшін заң қабылдануы керек, - деді Еркін Аманжолұлы.
Еске сала кетсек, Президент Премьер-министр Олжас Бектеновке апта соңына дейін шағын және орта бизнесті қолдауға, инвестициялық ахуалды жақсартуға, елдегі экономикалық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған түзетулер енгізіп, қажетті шешімдер әзірлеуді тапсырды.
Нәтижесінде бензин мен тариф бағасына мораторий енгізіліп, ипотека көлемі ұлғаятын болды.