Трамптың экс-кеңесшісі құпия ақпаратты жариялау ісіне қатысты кінәсін мойындамады

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың бұрынғы ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтон құпия ақпараттың жариялануына қатысты қозғалған іс бойынша өзіне тағылған барлық 18 айыпты жоққа шығарды, деп хабарлайды DW.

Джон Болтон
Фото: AFP via Getty Images

17 қазанда Мэриленд штатының Гринбелт қаласындағы сотта өткен алғашқы тыңдауда Болтон кінәсіз екенін мәлімдеді. Сот отырысына қатысқаннан кейін ол ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Келесі тыңдау 21 қарашаға белгіленген.

Тергеу материалдарына сәйкес, Болтон мемлекеттік және шетелдік шенеуніктермен кездесулер кезінде жазылған құпия жазбаларды жеке электрондық поштасы мен мессенджерлері арқылы әйелі мен қызына жіберіп отырған. Бұл хаттарда АҚШ армиясының алдағы операциялары, шетел көшбасшылары және сыртқы саясатқа қатысты деректер болған.

ФБР 2025 жылғы 22 тамызда Болтонның үйі мен кеңсесінде тінту жүргізіп, құпия құжаттарды тапқан. Олардың қатарында жаппай қырып-жою қаруы, АҚШ-тың БҰҰ-дағы өкілдігі және стратегиялық байланыстарға қатысты материалдар болған.

16 қазанда үлкен қазылар алқасы оған сегіз эпизод бойынша құпия ақпаратты үшінші тұлғаларға беру және он эпизод бойынша мұндай деректерді заңсыз сақтау айыбын таққан. Әрбір бап бойынша ең жоғарғы жаза — 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Джон Болтон бұл істі өзінің «The Room Where It Happened: A White House Memoir, 2020» атты кітабының жариялануына кедергі келтіру әрекеттерінің жалғасы деп есептейді. Ол аталған кітапта Дональд Трамптың әрекеттерін қатаң сынға алған.

Болтонның айтуынша, әділет министрлігі кітапта құпия ақпарат бар деген сылтаумен оның жариялануын тоқтатуға тырысқан. Алайда автор қолжазбаны алдын ала арнайы қызметтерге тексертіп, ескертулердің бәрін түзеткенін айтады.

Кітап жарық көрген соң Дональд Трамп бұрынғы кеңесшісін «заңсыз құпия ақпарат таратты» деп айыптап, оны «түрмеге қамалуға тиіс адам» деп атаған болатын.

Айта кетейік, Трамптың бұрынғы кеңесшісі Джон Болтон қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Соңғы жаңалықтар