Қазақстан бидайы тиелген алғашқы пойыз Арменияға жетті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақ бидайы тиелген, Әзербайжан арқылы транзитпен өтетін алғашқы пойыз Арменияның Айрум станциясына барды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Пойыз құрамы Қазақстан-Ресей-Әзербайжан-Грузия-Армения бағыты бойынша жүрді. Қазақстаннан барлығы 15 вагон, жалпы салмағы 1000 тонна бидай жөнелтілді. Пилоттық жеткізілім жаңа логистикалық бағытты сынақтан өткізуге және оның тиімділігін тексеруге бағытталған.

Айрум станциясында пойызды Қазақстан Республикасының Армениядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Болат Иманбаев, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК АҚ басқарушы директоры Тобылбек Омаров, Армения Республикасының аумақтық әкімшілік және инфрақұрылым министрі Давид Худатян, сондай-ақ Арменияның экономика министрінің орынбасары Арман Ходжаян қарсы алды.
– Бұл – тарихи оқиға. Біз Қазақстан Президентінің өткен жылдың сәуірінде Арменияға ресми сапары кезінде қол жеткізілген жоғары деңгейдегі келісімдердің арқасында жеткізілуі мүмкін болған қазақстандық бидай тиелген алғашқы пойызды қарсы алып отырмыз. Бүгінгі іс-шара – екіжақты қарым-қатынастың қарқынды дамуының айқын дәлелі. Қазақстан астықты тұрақты және өзара тиімді негізде жеткізуді жалғастыруға дайын, - деп атап өтті қазақстандық дипломат.

Өз кезегінде, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК АҚ басқарушы директоры Тобылбек Омаров Қазақстанның Әзербайжан мен Грузия сияқты аймақтық елдерге бидайды белсенді түрде экспорттайтынын және Арменияға жеткізуді кеңейтуді жоспарлап отырғанын атап өтті.
- Жаңа бағыттың ашылуы тасымалдауды экономикалық жағынан тиімдірек жүргізу мүмкіндігін ашты. Бұл Арменияға жеткізу құнын айтарлықтай төмендетеді. Осы жылдың соңына дейін біз ай сайын кемінде 15-20 мың тоннадан кем емес қазақстандық бидайды жеткізуді ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, - деді ол.

Еске сала кетсек, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Қазақстанға мемлекеттік сапары кезінде Әзербайжан аумағы арқылы Арменияға жүк тасымалдауға қойылған шектеулердің алынып тасталғанын жариялады.

Арменияға алғашқы жүк транзиті ретінде қазақстандық бидай жіберілді.
Армения премьер-министрі Никол Пашинян Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Әзербайжанның жүк транзитіне қойған шектеулерді алып тастау туралы келісімге қол жеткізгені үшін алғыс айтты.