Қазақстан былтыр да Өзбекстанның ең ірі сауда серіктестерінің үштігіне енді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өткен жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстанның Қазақстанмен сыртқы сауда айналымы 4 млрд доллардан асты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Статистика агенттігінің мәліметінше, бүгінде Өзбекстан әлемнің 198 елімен сауда-саттық жасайды.
Былтыр қаңтар-желтоқсан айлары аралығында Өзбекстанның сыртқы сауда айналымы 62,6 млрд доллар болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,9%-ға көп. Жалпы көлемнің ішінде экспорт 24 426,2 млн (+23,8%) доллар, ал импорт 38 141,2 млн долларды (+24%) құрады.
2023 жылдың қорытындысына сай, елдің басты сауда серіктестері көшін Қытай бастады. Екі ел арасындағы тауар айналымы - 13,7 млрд доллар (жалпы көлемнің 21,9%).
Екінші орынға Ресей жайғасты. Өзбекстанның бұл мемлекетпен сауда-саттығы 9,88 млрд долларға (жалпы көлемнің 15,8%) жетті.
Сонымен қатар ең көп тауар айналымы болған елдер үштігін Қазақстан түйіндеп тұр. Яғни, біздің елмен Өзбекстан арасындағы сауда көлемі 4,39 млрд доллар (жалпы көлемнің 7%) болды.
Еске салайық, былтыр Өзбекстан Қазақстанға 121,2 млн доллардың жеміс-жидегі мен көкөнісін экспорттаған.