Қазақстан климаттық технологияларды дамытуға инвестиция іздейді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан климаттық технологияларды енгізу және жасыл экономиканы дамыту үшін халықаралық инвестиция тартуды көздейді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі хабарлады.
Басым шешімдердің ұлттық портфелі БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі 31-конференциясында (COP31) Антальяда таныстырылды. Тұсаукесер Қазақстанның ұлттық павильонында Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы (IGTIC) ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігімен және халықаралық серіктестермен бірлесіп ұйымдастырған сессия аясында өтті.
Технологиялық қажеттіліктерді екінші рет бағалау (TNA) қорытындысы бойынша Қазақстан үш бағытты басымдық ретінде белгіледі. Олар — энергетика, су тұрақтылығын арттыруды қамтитын ауыл шаруашылығы және айналмалы экономика. Бұл бағыттар елдің жаңартылған Ұлттық деңгейде айқындалатын үлесіне және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатына сәйкес келеді.
Қатысушылар негізінен қаржыландыру тарту, инвестициялық тәуекелдерді азайту және климаттық бастамаларды нақты іске асыруға дайындау мәселелерін талқылады. Жиынға халықаралық даму банктерінің, климаттық қорлардың және БҰҰ-ның бейінді ұйымдарының өкілдері қатысты.
IGTIC басқарма төрағасы Сәкен Қалқаманов технологиялық басымдықтарды Қазақстанның елдік климаттық инвестициялық платформасына біріктіру тетігін таныстырды. Бұл платформа перспективалы жобаларды бір жерге топтастыруға, инвесторлармен байланысты жеңілдетуге және ұзақ мерзімді капитал тартуға жағдай жасауға бағытталған.
Іс-шара соңында Қазақстан халықаралық қаржы институттары мен жеке инвесторларды басым бастамаларды, соның ішінде бірлесіп қаржыландыру арқылы жүзеге асыруға үндеді.
Бұл жұмыстың нәтижесі технологиялық қажеттіліктердің нақты қаржылық моделі бар дайын инвестициялық жобаларға қаншалықты жылдам айналатынына байланысты болмақ. Қалыптасқан база шетелдік капитал тартуға, технологиялар трансферін дамытуға және жасыл экономика саласындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан экологиялық бақылаудың цифрлық құралдарын бірлесе әзірлеуге келіскенін жазғанбыз.
Құжат сарапшылық білім, технологиялық шешімдер және ең жақсы тәжірибелер алысуды, сондай-ақ Орталық Азияның үздік қолжетімді әдістер бюросының аймақтық бағдарламасын іске асыру бойынша іс-қимылдарды үйлестіруді көздейді.