Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі басты көлік тораптарының біріне айналады - Президент

АСТАНА. KAZINFORM - Бірлескен күш-жігер арқылы Қазақстанды Еуразия кеңістігіндегі басты көлік тораптарының біріне айналдыра аламыз. Бұл туралы Антониу Коштамен жасаған бірлескен мәлімдемесінде Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

кошта
Фото: Ақорда

Қазақстан Президентінің айтуынша, талқылауға арқау болған негізгі тақырып – экономикалық ынтымақтастық.

– Бүгін біз сауда-инвестициялық байланыстарды одан әрі арттыруға және әртараптандыруға уағдаластық. Қазақстан алдағы уақытта да еуропалық бизнес өкілдеріне тұрақты әрі ашық инвестициялық климат қалыптастыруды жалғастыра береді. Энергия тиімділігі, аса маңызды минералдар, цифрлық технология және көлік байланысы секілді салаларда ынтымақтастыққа мүмкіндік мол, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы келіссөз барысында көлік-логистика қатынастарын нығайту жолы, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға бірлесе күш-жігер жұмылдыру мәселесі қарастырылғанын атап өтті.

– Бұл ретте Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы үйлестіру платформасының жұмысын, сондай-ақ ЕО-ның «Global Gateway («Жаһандық қақпа») бастамасын құптаймыз. Қазақстан Еуропа Одағының Орталық Азия елдеріне арналған 12 миллиард еуро көлеміндегі инвестициялық пакетіне қолдау білдіреді. Бұл қаржы көлік, шикізат ресурстары, «жасыл» энергетика және цифрлық технология жобаларын іске қосуға бағытталады. Бірлескен күш-жігер арқылы Қазақстанды Еуразия кеңістігіндегі басты көлік тораптарының біріне айналдыра алатынымызға сенімдіміз. Бұл барлық тарапқа да пайдалы. Бұдан бөлек, біз энергетикалық қауіпсіздік пен энергия ресурстарының тұрақты жеткізілімін қамтамасыз ету мүмкіндіктерін талқыладық. Энергетикалық серіктестіктің тың бағыттарында, атап айтқанда, аса маңызды минералдар, атом энергетикасы, мұнай химиясы, сондай-ақ жаңартылатын қуат көздері салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаластық. Мақсатымыз – шикізат жеткізіп қана қоймай, Еуроодақ стандарттарына сай табиғи ресурстарды терең өңдейтін жергілікті өндірістерді дамыту, қосылған құны жоғары өнім шығару және қалдықтарды өңдеу арқылы Қазақстанның еуропалық жеткізу тізбегімен интеграциясын күшейту, – деді Қазақстан Президенті.

Осыған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Антониу Кошта бірлескен мәлімдеме жасағаны туралы жаздық. 

 

Соңғы жаңалықтар