Қазақстан Еуразиядағы жаңа орталыққа айналып, үлкен қадам жасады — ресейлік сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге жасаған мемлекеттік сапары екі ел арасындағы диалогтың стратегиялық сипатын тағы да айқындады. Ресейлік журналист әрі тарихшы Максим Шевченко Silkway телеарнасына берген сұхбатында аталған сапардың саяси маңызы туралы айтып берді. 

Максим Шевченко
Фото: Видеодан алынған скрин

Ресейлік тарихшының айтуынша, мұндай сән-салтанатты қабылдау Қазақстан Президентіне көрсетілген айрықша құрметті және Астананың Мәскеудің стратегиялық серіктесі ретіндегі маңызын көрсетті. Максим Шевченконың сөзінше, Тоқаевтың мәртебесі оның бірегей дипломатиялық тәжірибесіне негізделген.

— Тоқаев қазіргі әлемде ешкім қайталай алмайтын айрықша рөл атқарып отыр. Себебі Президент Қытаймен — қытай тілінде, Трамппен — ағылшын тілінде диалог жүргізеді, әрі өзінің кәсіби жолында ХХ ғасырдағы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің жаһандық құрылымы — Біріккен Ұлттар Ұйымының басшыларының бірі болған. Менің ойымша, дәл осы факторлар Қазақстан басшысына көрсетілген жоғары деңгейдегі қабылдаудың себебі болып отыр. Бұл оның шебер келіссөз жүргізуші әрі бітімгер ретіндегі аса жоғары мәртебесін айқындайды, — дейді сарапшы.

Сарапшының айтуынша, бұл мәртебені жақында өткен Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вашингтонға сапары да дәлелдеді. Қазақстан Президенті онда «тарихи ауқымдағы миссияны» орындаған.

Мемлекет басшысының халықаралық кездесулерін талдаған тарихшы Қазақстан орта держава рөлін табысты атқарып отырғанын жеткізді.

— Стратегиялық және саяси жаһандық өлшемде Қазақстан орасан зор қадам жасады. Іс жүзінде Еуразияның жаңа дербес орталығына айналды, мен мұны құптаймын, — деді Максим Шевченко.

Оның айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге мемлекеттік сапарында жасалған келісімдер оң қабылданған. Қазақстан мен Ресейдің кез келген интеграциялық жобалары өзара тиімді және болашағы зор болмақ.

Сонымен бірге, Максим Шевченко Қазақстанның қазіргі сыртқы саясаты жекелеген келісімдер шеңберінен де асып түскенін айтты. Мұнда кең ауқымды стратегиялық бағыт — жаһандық егемендік пен тарихи сабақтастықты айқын көрсету туралы сөз болып отыр. Сарапшының пікірінше, мұның бәрі Қазақстанның өңірдегі ұзақ мерзімді және дербес рөлін көрсетеді.

— Қазақстан өзіндік болмысы бар орта еуразиялық держава ретінде стратегиялық бағытын қалыптастырып келеді. Қазақтар — көшпенділер менталитетін, көкжиектен көкжиекке, теңізден теңізге дейін созылған Ұлы даланың дүниетанымын батыстық мемлекеттік басқару формаларымен ұштастыра алған бірден-бір халық, — дейді Шевченко.

Қазақстан ұлттық бірегейлігін сақтап қала алды — бұл көпвекторлы сыртқы саясаттың нәтижесі. Дәл осы саясат елдің тәуелсіздігін қорғау құралына айналып, 30 жылдан астам уақыт бойы, соның ішінде тәуелсіздік алғаннан кейінгі өңірдегі экономикалық дағдарыс кезеңінде де маңызды рөл атқарды.

— Менің пікірімше, қазір Қазақстан жаңа деңгейге көтеріліп, нағыз еуразиялық орта мемлекетке айналу үшін қадам жасады. Стратегиялық тұрғыдан алғанда Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін толық бейімделу процесін Шыңғысхан мұрасы — Жошы ұлысымен байланыстырамын, — деп түйіндеді спикер.

Еске сала кетсек, 11-12 қараша күндері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясына мемлекеттік сапармен барды. Келіссөздер нәтижесінде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды толыққанды стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне көтеру туралы Декларацияға қол қойды.

Соңғы жаңалықтар