Қазақстан Еуразияның маңызды торабына айналды — Иран президенті Масуд Пезешкиан
АСТАНА. KAZINFORM — Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкиан ҚР Президентінің Телерадиокешеніне берген эксклюзивті сұхбатында Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан Еуразияның негізгі торабына айналып жатқанын айтты. Бұл аумақта Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің мүдделері тоғысады. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан Президентінің тәжірибесі мен дипломатиялық көзқарасы өңірлік ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашып жатыр. Бұл тұрғыда Иран Қазақстанға Парсы шығанағына, Үнді мұхитына және негізгі көлік дәліздеріне шығуға мүмкіндік беріп, екі ел арасындағы серіктестіктің жаңа географиясын қалыптастыруға дайын екенін мәлімдеді.
— Қазір Сіздің ресми сапарыңыздың аясында Астанада кездесіп отырмыз. Президент мырза, Қазақстан мен Иран саудада айтарлықтай өсім көрсетіп жатыр. Дегенмен, 3 млрд доллар көлеміндегі мақсатқа әлі қол жеткізілген жоқ. Бұл жетістікке жетуді не жеделдете алады?
— Бірінші кезеңде елдеріміз арасындағы байланысты нығайту маңызды, сонда біз алға қойған мақсаттарымызға жету үшін қажетті қарым-қатынастарды орната аламыз. Бұдан кейін саяси байланыстар кеңейіп, өзара түсіністік тереңдеген сайын келесі қадам визалық режимді жеңілдету болады. Бұл екі ел азаматтарына саяси, экономикалық, ғылыми, мәдени және қауіпсіздік салаларында еркін өзара әрекеттесуге мүмкіндік береді. Мұндай қадам оң нәтиже беретін бірқатар бірлескен іс-шараның негізін қалайды.
— Еуразиялық экономикалық одақ аясында ынтымақтастықты нығайту ескерілген. Бұл тұрғыда Қазақстан мен Иран үшін қандай жаңа мүмкіндіктер ашылады?
— Енді біз еуразиялық бақылаушы форматына қосылғандықтан, осы кеңістікте болуымыз қамтамасыз етілді. Еуразияның экономикалық ортасы елдеріміз үшін де, бұл форматтың барлық қатысушылары үшін де жаңа мүмкіндіктер ашады.
Иранның шамамен 90 миллион адамнан тұратын үлкен нарығы бар, бұл өз кезегінде Қазақстанға айтарлықтай ауқымды мүмкіндік деп санаймын. Әрине, Иран үшін де Қазақстан мен ЕАЭО елдерінде экономикалық қарым-қатынасты кеңейтуге қолайлы орта қалыптасып жатыр. Тарифтік кедергілерді жою арқылы мұндай платформа кәсіпкерлерге, өнеркәсіпке және өндірушілерге тиімді тетікке айналады, сондай-ақ өзара іс-қимыл мен өзара қолдауды жеңілдетеді.
— Осы ынтымақтастықты ескере отырып, Иранның оңтүстігінде қазақстандық логистикалық орталық құрылып жатыр. Бұл қадамдар елдеріміз арасындағы сауда-саттық аясында Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің дамуына қалай әсер етеді?
— Сіз айтқан мақсаттарды жүзеге асыру үшін елдеріміз бен Еуразия мемлекеттері арасында бірлескен көлік тораптары болуы керек. Бұл бағыттар теңіз, теміржол және әуе жолы арқылы құрылуы мүмкін. Егер Қазақстаннан портқа қарай теміржол бағытын кеңейте алсақ, оңтүстік портымызда бауырлас әрі достық қатынастағы Қазақстан үшін логистикалық орталық құрылады. Осы бағыттағы жобалар алдымызға қойған экономикалық және мәдени мақсаттарға қол жеткізуді әлдеқайда жеңілдетеді.
Парсы шығанағына, Үнді мұхитына, сондай-ақ шығыс пен батыс бағыттарына шығу жолдарын қамтамасыз ету үшін барлық қажет қадамдарды бірлесіп іске асыруға дайынбыз. Бұл жоспар мәдени, экономикалық, саяси және қауіпсіздік саласындағы қарым-қатынасқа берік негіз қалайды.
— Қазақстан мен Иран Каспий аймағында белсенді ынтымақтастықты өрбітіп жатыр. Осы орайда екі елдің теңіздегі қауіпсіздік пен экологиялық балансты сақтаудағы рөлі қандай?
— Каспий теңізі туралы конвенция Каспий маңы елдері арасындағы ынтымақтастықтың негізі саналады. Өңірдегі екі бауырлас мемлекет ретінде Каспий теңізін сақтауда өзара іс-қимылды күшейтуіміз керек. Оның экологиясына, су ресурстарына ерекше мән беріп, теңіз арқылы іске асатын сауда-экономикалық қызметтің тұрақтылығына назар аудару маңызды.
Егер ашық және түсінікті форматта әрекет етсек, Каспий теңізін сақтап қаламыз. Оның шығыс пен батысқа, солтүстік пен оңтүстікке бағытталған сауда-экономикалық дәліз ретіндегі маңызы зор. Бірлескен қадамдар теңіздің табиғи ортасын сақтауға мүмкіндік береді.
— Осыған байланысты қазіргі кезде Каспий маңы елдері теңіздің экологиялық балансын сақтап отыр ма? Бұл тұрғыда өзгерістер қажет пе?
— Біз өмір сүріп жатқан әлемді сақтау үшін теңіз саласының мамандары мен сарапшылары бірыңғай көзқарас және ортақ ғылыми тәсілмен жұмыс істеуі өте маңызды. Мұндай қадамдар іске асса, саясаткерлер мен бизнес өкілдері және мүдделі тараптар ғылымға сүйеніп, осы өңірдің экологиясына қамқорлықпен қарау бағытында тиісті шешім қабылдай алады.
Егер табиғатқа қатысты ғылыми негізсіз шаралар қабылдасақ, климаттың өзгеруін ескермей әрекет етсек, онда болашақта Каспий теңізі маңында орналасқан елдерге елеулі зиян келтіруіміз мүмкін.
— Президент мырза, Қазақстан азаматтары Иранға сапарлауға үлкен қызығушылық танытып отыр. Сондықтан туризм мен іскерлік байланыстарды ынталандыру үшін виза рәсімдерін жеңілдету және Қазақстан мен Иран арасындағы тікелей рейстер санын көбейту жоспары бар ма?
— Әрине, сіз айтқан процесті дамытуға өте мүдделіміз. Біздің елдерімізді мыңжылдықтар бойы қалыптасқан терең мәдени байланыстар, ортақ діни сенім мен тығыз өзара іс-қимыл жақындатып отыр. Осыны ескере отырып, ислам дінін ұстанатын және көршілес елдер арасындағы өзара сапарлар жеңіл болуы керек. Бизнес өкілдері үшін виза рәсімдерін 14 күнге дейін жеңілдеттік. Бірақ бұл мүмкіндіктерді кеңейту керек, яғни оңтайландыра түсу қажет деп санаймын. Бұл ретте әуе сапарларына да, құрлықтағы бағыттарға да қатысты айтып отырмын. Қазақстанға туризм мен сауданы дамыту үшін келдік.
— Иран медицинаны, биотехнологияны және жоғары технологияларды белсенді түрде дамытып келеді. Екіжақты қарым-қатынастар мен зерттеулердің негізін қандай ғылыми салалар қалыптастыруы мүмкін деп ойлайсыз?
— Қазақстанға сапарымызда әуе, құрлық және теңіз жолдарын дамытуды егжей-тегжейлі талқыладық. Бұл өз кезегінде ғылыми және медициналық байланыстарды қоса алғанда, басқа да салалардағы өзара іс-қимылды дамытуды айтарлықтай жеңілдетеді. Иран бүгінде медициналық қажеттіліктерін өз күшімен қамтамасыз етіп отыр. Осы орайда биотехнология, нанотехнология және медициналық технологиялар саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді.
Бұл медициналық мүмкіндіктерді Қазақстанның әлеуетімен біріктіруге болады. Мұсылман және көршілес елдер ретінде біліммен, тәжірибемен алмасып, мүмкіндіктерімізді нығайта аламыз. Ғылым мен медицина саласында ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделіміз.
— Өзгеріп жатқан халықаралық ахуалды ескере отырып, өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі Қазақстан мен Иранның рөлін қалай бағалайсыз?
— Қазіргі әлемдегі ең маңызды міндет — барша адамзат үшін салауатты, бейбіт, әділ және қауіпсіз орта құру. Егер өзімізге, көршілерімізге, бүкіл өңір мен тұтас құрлық үшін осындай негіз құра аламыз, сондай-ақ бірлік пен келісімді сақтай аламыз деген сенімімізді нығайтсақ, бұл болашақ ұрпақтарға жол ашады.
Қақтығыстың орнына бір-бірімізге көмектесуіміз керек, яғни ғылым, денсаулық сақтау, экономика, қоршаған ортаны қорғау және бейбітшілікті қамтамасыз ету салаларында ынтымақтастықты нығайту маңызды. Өзара сенім негізінде Құдайдың бізге берген уақытын бейбітшілікте, мейірімділікте және ынтымақтастықта өткізе аламыз.
— Президент мырза, Қазақстанның тұрақтылық пен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі қандай?
— Қазақстан қарқынды даму кезеңінде тұр және Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы маңызды торапқа айналып отыр. Жылдам даму мәдени, ғылыми, көркем және әлеуметтік-саяси өзара іс-қимылды күшейтуге мүмкіндік береді.
Егер көлік бағдарларын кеңейтіп, өзара әрекеттесуді тереңдетсек, Қазақстан өңірдің мәдени орталығына айналуы мүмкін. Бұл өз кезегінде халықтардың көзқарасын жақындатып, бейбітшілікті нығайтады және дамуды жеделдетеді.
Біздің кәсіпкерлер, инвесторлар, ғалымдар және мәдениет қайраткерлері байланыстарды әлдеқайда оңай орната алады. Қазақстан, Иран және өңірдің басқа да елдері ілгері шыққан өзге мемлекеттерден еш кем емес деп білемін. Сондықтан бір-бірімізге көмектесе отырып, зор жетістіктердің нәтижесін көреміз.
— ШЫҰ, АӨСШК және ИЫҰ сияқты қандай халықаралық алаңдарда елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың ең үлкен әлеуетін көріп отырсыз?
— Әртүрлі алаңдарда қарым-қатынасты нығайтуға болады, яғни келісімдер бір-бірін толықтырады. Мәселен, бір ұйым экономиканы, басқасы — қауіпсіздікті, ал үшіншісі саясатты, әлеуметтік және өңірлік мәселені кеңінен қамтиды.
Бүгінде біздің алдымызда белгілі бір проблема бар, ол — қаржы және банк саласындағы байланыстар. Кәсіпкерлер емін-еркін жұмыс істей алатындай етіп, осы тетіктерді жеңілдетуіміз керек.
БРИКС аясында банк құру мәселесі пысықталып жатыр. Бұл банк мүше елдерге ортақ валюта жүйесі аясында экономикалық операциялар жүргізуге мүмкіндік береді.
Еуразиялық формат тарифтік кедергілерді алып тастап, тауарлардың еркін қозғалысын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, исламдық ынтымақтастық тетіктері де айтарлықтай мүмкіндіктер жасайды. Осы ретте мұсылман елдерінің бірлігі нығайып, ауқымды нарыққа жол ашылады.
Осы тетіктердің барлығын дұрыс арнаға — дамуға және ынтымақтастықты кеңейтуге бағыттау маңызды.
— Соңғы сұрағым: біздің Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаны қаншалықты жақсы білесіз? Оның халықаралық мәселелерді шешудегі күш-жігері мен жұмысын қалай бағалайсыз?
— Біз Қасым-Жомарт Кемелұлымен және оның жұмыс тәжірибесімен жақсы таныспыз. Парламент спикері, Сыртқы істер министрі сияқты қызметтерді атқарғанын, ал қазір Президент лауазымында екенін ескере отырып, өте маңызды әрі ауқымды істерді шешуге қауқарлы деп санаймын. Тәжірибесі, білімі және мотивациясы арқылы тиімді шешімдер жасап, өзара іс-қимылды дамытуда және бірлескен процестерді жеңілдетуде маңызды рөл атқара алады.
Ол Иранға бірнеше рет сапармен барды және өңірлік саясатты, заңнамалық және құқықтық негізді жақсы біледі. Менің ойымша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқының Президенті ретіндегі ұстанымы ел ішінде де, өңірде де өте қолайлы мүмкіндіктер жасауға ықпал етеді.