Қазақстан Еуропа Кеңесінің компьютерлік қылмыстар жөніндегі Конвенциясына қосылады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан Еуропа Кеңесінің компьютерлік қылмыстар жөніндегі Конвенциясына қосылуы мүмкін. Бұл туралы ІІМ Криминалдық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай деп мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Қылмыс жасауда интернеттің пайдаланылуына байланысты күдікті адамдарды анықтау қиындық тудырады. Шетелдік байланыс провайдерлері мен интернет-ресурстар иелерінің меншігіндегі ақпаратпен жедел алмасу қажеттілігі туындайды. Осыған байланысты шет мемлекеттердің құқық қорғау органдарымен және түрлі халықаралық құрылымдармен халықаралық ынтымақтастыққа үлкен рөл беріледі. Бүгінгі таңда осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты көздейтін жалғыз құжат - ол Еуропа Кеңесінің компьютерлік қылмыстар жөніндегі Конвенциясы. Министрлік конвенцияға қосылу жөнінде бірқатар шаралар қабылдады, соның нәтижесінде биыл сәуір айында Қазақстанға Еуропа Кеңесінің оған қосылуға шақыруы келіп түсті», - деп түсіндірді Жандос Сүйінбай.

Орталық басшының мәлімдеуінше, бұл шара құқық қорғау органдарына шетелдік құзыретті органдармен жедел ақпарат алмасуға, сондай-ақ интернет желісінде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етпек. Бұған қоса, заңнаманы Конвенцияның нормаларына сәйкес келтіру және оны ратификациялау жұмыстары қолға алынады.


Соңғы жаңалықтар