Қазақстан ғалымдары «Ұлт жоспарындағы» ғылым мен білім саласына жүктелген міндетті талқылады (ФОТО)
Жиынды Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясы (бұдан әрі - ҚазҰЖҒА) Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып ұйымдастырды.
«Ұлт жоспарының «100 нақты қадам» бағдарламасы аясында біз үшінші кезең - ғылыми жұмыстарды өндіріске енгізуге кірісуіміз керек. Осы бағытта біздің алдымызда 2 міндет бар. Біріншісі, ғылымға негізделген экономиканы қалыптастыруға негіз болатын 2 инновациялық кластер құру. Екіншісі, ғылыми және ғылыми техникалық жұмыс нәтижелерін коммерцияландыру жүйесін құру. Ол үшін арнайы заң жобасын жасау керек. Осы екі міндетті шешу мәселесі өте өзекті», - деді ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов. Оның айтуынша, ғылым саласына соңғы жылдарда көп мән беріліп келеді. Осыған дейін 2 мыңнан аса ғылыми жобалар қаржыландырылды. Бүгінде 100-ден аса ғылыми-техникалық бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Ғалымдардың ғылыми конкурстарға қатысудағы белсенділігі артып келеді. Биыл 5 мыңға жуық өтінім қабылданды. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 2 есеге артық. Қазақстан ғалымдары 1,5 мыңға жуық патент алды.
«Ұлт жоспарының 100 қадамы» Қазақстанның сыртқы қауіп-қатерлерге берген жауабы десек болады. Елбасының стратегиялық бастамасы еліміздің тұрақты дамуы мен 30 дамыған елдің қатарына енуге бағытталған. Қазір құжаттың орныдалуына барлық қоғам ат салысып жатыр. Белсенді азаматтық институт ретінде біз де одан қалыс қала алмаймыз. Білім мен ғылым жүйесі уақыт талабына жауап бере алуы керек», - деді ҚазҰЖҒА академиясының Президенті, экономика ғылымдарының докторы, академик Н.Әбіқаев. Шара барысында ҚазҰЖҒА ғалымдарының ғылыми жетістіктерінен хабардар ететін инновациялық жобалар көрмесі ұйымдастырылды.