«Қазақстан халқына» қорына азаматтар көбіне денсаулығына байланысты жүгінеді

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Азаматтардың дені «Қазақстан халқына» қорынан көбіне денсаулық жағдайы бойынша көмек сұрайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан халқына» қоры ұйым жұмысын одан әрі жетілдіре түсу мақсатында үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің арасында сауалнама өткізді. Онлайн сауалнама биыл шілде-тамыз айында жүргізіліп, оған 1 041 адам қатысты. 42 сұрақтан тұратын сауалнамаға негізінен астаналықтар мен алматылықтар жауап беріп, белсенділік танытқан.

«Сауалнаманың ішінде қайырымдылық көрсету салалары бойынша сұрақтар болды. Оның қатарында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт саласы бар. Қатысушылар 5 балл негізінде жауап берді. Нәтиже көрсеткендей, респонденттердің дені қордан денсаулық жағдайы бойынша көмек сұрайтыны анықталды. Аталған көрсеткіш «Қазақстан халқына» қорының жұмыс саясатына сәйкес келеді. Себебі, қор алдымен денсаулық жағдайы бойынша күттірмейтін азаматтарға көмек көрсетіп келеді», - деді «Қазақстан халқына» қоры қамқоршылық кеңесінің мүшесі, «Help Today» қоғамдық қорының жетекшісі Эльмира Әлиева.

Оның айтуынша, қордан сұралатын көмектің келесі саласы білім беруге қатысты.

«Денсаулық сақтаудан кейін, білім беру саласы қолдауды керек етіп отыр. Үшінші кезекте азаматтар әлеуметтік қолдау бойынша қордан көмек сұрап жатыр», - дейді ол.

Сондай-ақ, қор қамқоршылық кеңесі мүшесінің мәлімдеуінше, респонденттердің 32,3%-ы қайырымдылық саясатына қанағаттанғандықтарын атап өткен. «Қазақстан халқына» қорының саясатына қанағаттанғандардың жиынтық үлесі – 53,1%, ал қанағаттанбағандар – 15,2%.

Бұған дейін «Қазақстан халқына» қоры жаңартылған жұмыс тұжырымдамасын таныстырғаны туралы хабарлаған едік.

Сондай-ақ, қазақстандықтардың 90%-ы қайырымдылық жасау керек деп есептейді.


Соңғы жаңалықтар