Қазақстан Ибраһим келісіміне неге қосылды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Израиль мен араб және мұсылман әлемі арасындағы ынтымақтастық платформасы саналатын Ибраһим келісіміне қосылады. Kazinform агенттігінің тілшісімен сөйлескен сарапшылар бұл қадамның неге дәл қазір жасалғанын және оның Таяу Шығыстағы бейбітшілік үдерісіне қалай әсер етуі мүмкін екенін түсіндірді.

Қазақстан Ибраһим келісімдеріне қосылып отыр
Фото: derechadiario.com.ar

«Еуразиялық мониторинг» аналитикалық зерттеулер орталығының директоры Әлібек Тәжібаев Қазақстанның Ибраһим келісіміне қосылу шешімі елдің сыртқы саясатының принциптеріне сәйкес келетінін атап өтті. Астана бұл позициясын БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың алаңдарында тұрақты түрде жариялап келеді. Бұл қадам Қазақстанның әлемдік саясаттағы конструктивті қатысушы және диалогты қолдаушы ретінде имиджін одан әрі нығайтады.

Алибек Тажибаев
Фото: Әлібек Тәжібаевтың жеке мұрағатынан

Сапаршы Қазақстанның делдалдық тәжірибесіне де назар аударды.

- Қазақстан дәстүрлі түрде көпжақты диалогты, делдалдықты және қақтығыстарды бәсеңдетуді қолдайды, соның ішінде Таяу Шығыста, мұнда Сирия бойынша астаналық процесті бастау арқылы және беделді бейбіт келіссөздер форматтарын қолдай отырып маңызды рөл атқарады, - дейді ол.

Аймақтық интеграцияны зерттеу институтының жетекшісі Таисия Мармонтова Қазақстан Израильмен 30 жылдан астам дипломатиялық қатынаста екенін еске салды.

Таисия Мармонтова
Фото: Таисия Мармонтованың жеке мұрағатынан

- Бұл платформаға символикалық түрде қосылу, нөлден бастау емес. Біз әрқашан бейбітшілік орнатушылар болып, көпжақты коммуникация саласында жұмыс істейміз. Практикада Израиль мен Парсы шығанағы елдерінің қатысуымен кейбір қолданбалы ынтымақтастық жолдары, сондай-ақ экономикалық келісімдермен байланысқан қосымша саяси капитал болуы мүмкін, - деді спикер.

Әлібек Тәжібаевтың айтуынша, бұл шешімнің өзектілігі геосаяси шиеленістің артуы және Шығыс пен Батыс арасындағы логистиканың өзгеруі жағдайында күшейеді.

- Қазақстан жаһандық өзгерістер жағдайында жаңа инвестиция, технология мен серіктестер іздейді, ал келісім Израиль, АҚШ және Парсы шығанағы елдерінің нарығы мен қауіпсіздік жүйелеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл механизм арқылы батыс елдерінің ықпалы қауіпсіздік кепілдігін нығайтып, елді қазіргі заманғы, жоғары технологиялық, цифрлық, медициналық және аграрлық жобаларды дамытуға бағыттайды, - дейді ол.

Ибраһим келісіміне қосылу Қазақстанның Палестинаға қатысты ұстанымын өзгертпейді

ҚР Сыртқы істер министрлігі мен сарапшылар Ибраһим келісімдеріне қосылу Қазақстанның Палестина-Израиль дағдарысына қатысты ресми ұстанымын өзгертпейтінін атап өтті. Бұл ұстаным халықаралық құқық нормаларына, БҰҰ резолюцияларына және «екі халыққа екі мемлекет» принципіне негізделген.

Мемлекеттік саясат институтының сыртқы саясат зерттеулері жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары, саяси ғылымдар кандидаты Манарбек Кабазиев бастаманың бейтараптығы мен салмақтылығына тоқталды.

- Қазақстан әскери блоктарға қосылмайды, санкциялық немесе конфронтациялық тәсілдерді қолдамайды. Біз Ресей, Қытай, ислам әлемі елдері, Батыс және Шығыс елдерімен тең құқықтық негізде қатынасты сақтаймыз. Ибраһим келісіміне қатысу - бағытты өзгерту емес, бұл Қазақстанның тұрақтылық пен өркендеу үшін мүдде балансын құра алу қабілетін растау, - деді ол.

Манарбек Кабазиев
Фото: Манарбека Кабазиевтің жеке мұрағатынан

Сарапшының сөзінше, палестиналық халықты қолдау өзгеріссіз қалып отыр.

- Қазақстан мемлекеті мен қоғамы палестиналықтарға бірлігін көрсетуді жалғастырып, олардың тәуелсіздік пен қауіпсіздікке құқығын қолдайды. Ибраһим келісімдеріне қатысу осы ұстанымнан бас тартуды білдірмейді. Керісінше, Қазақстан палестиналық халық мүддесі үшін диалог пен гуманитарлық бастамаларды ілгерілетуге жаңа дипломатиялық мүмкіндіктерді пайдалана алады, - дейді Кабазиев.

Ол сондай-ақ Қазақстанның зайырлы басқару үлгісі мен исламдық сәйкестігі бар ел ретінде түрлі аймақтар арасында бірегей делдал бола алатынын, сенім, инновация және ынтымақтастықтың жаңа орталықтарын жасай алатынын атап өтті.

- Ибраһим келісіміне қосылу стратегиялық маңызды және алдағы болашаққа бағытталған қадам. Бұл Қазақстанның халықаралық беделін нығайтып, экономикалық мүмкіндігін кеңейтеді және бейбітшілік миссиясына жаңа өлшем қосады. Ел исламдық дәстүрлер мен қоғамның рухани негіздерін әрдайым құрметтейді. Бұл қадам осы бағытты өзгертпейді, керісінше, ислам рухына жақын бейбітшілік пен өзара құрмет идеалдарын көрсетеді. Қазақстан - мұсылмандар көпшілігі бар зайырлы мемлекет ретінде халықтар арасындағы бейбіт қатар өмір сүру мен ынтымақтастық діндік және моральдық қағидаларға қайшы келмейтінін дәлелдейді, - деп түсіндірді сарапшы.

Айта кетейік, Қазақстан Ибраһим келісіміне қосылады. 

Өз кезегінде Сыртқы істер министрлігі Ибраһим келісімі Қазақстанның әлем елдерімен ынтымақтастығын нығайтатынын мәлім етті. 

Жалпы, Ибраһим келісімдері дегеніміз не? Толығырақ сілтемеге өтіп танысуға болады. 

Соңғы жаңалықтар
Референдум