Қазақстан Иран портындағы жер учаскесін қалай пайдаланады — Серік Жұманғарин

АСТАНА.KAZINFORM — ҚР Парламенті Палаталарының бірлескен отырысынан кейінгі брифингте Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ирандық Бендер-Аббас портындағы қазақстандық терминал құрылысы жөнінде мәлімдеме жасады. 

Қазақстан Иран портындағы жер учаскесін қалай пайдаланады — Серік Жұманғарин
Фото: Үкімет

— Біз Бендер-Аббас портында 15 гектар жерге жүкті ауыстырып-тиеуге арналған терминал салуды жоспарлап отырмыз. Құрылысқа бюджет қаражаты емес, жеке сектор қаржысы жұмсалады. Менің білуімше, қазір келіссөздер қорытынды кезеңде. Жалдау ақысы — бәрі келісілген, — деді ол.

Серік Жұманғариннің сөзінше, Қазақстан болашақта бұл терминал арқылы оңтүстік және оңтүстік-шығыс Азия нарығына шығып, түрлі тауарларды экспорттай алады.

— Біз қазір Ауғанстан арқылы теміржол салуға ниеттіміз. Ал Иран арқылы теміржол қазірдің өзінде бар. Ол Ақтаудан басталып, Түрікменстан арқылы өтеді. Аталған маршрутта екі өткізу пункті бар. Бірі Каспий теңізіне жақын, Этрек деп аталады. Екіншісі сәл ары, атауы — Серахс. Екеуі де Парсы шығанағына апарады. Ал аталған шығанақта Бендер-Аббас қаласында ірі порт бар. Өзім онда болғанмын, өте ірі порт. Осы бағыт арқылы Қазақстан Парсы шығанағына, одан әрі Үнді мұхитына, шығыс Африкаға, оңтүстік-шығыс Азияға шыға алады. Мақсат — осы, — деп түсіндірді Жұманғарин.

Сонымен қатар, журналистер одан бұл бағыт арқылы қандай тауарлар экспортталатынын сұрады.

— Санкциялардың кесірінен бұған дейін біз Иранға кіргізуге және бұл ел территориясы арқылы тасымалдауға тыйым салынған тауарларды (металдар, трансформаторлар т. б.) тізімнен алып тастауға бірнеше рет тырыстық. Келісімшарттарға қол қойылғаннан кейін, осы мәселелердің барлығы нақтыланады деп ойлаймыз. Иранға және Иран аумағы арқылы басқа да елдерге барлық тауарды жеткізуге мүмкіндік аламыз деген үміттеміз, — деді министр.

Қазақстан аталған аймақта геосаяси жағдай ушыққан жағдайда жүк тасымалдайтын тағы бір балама жолдардың жобасын әзірлеп қойған.

Серік Жұманғариннің сөзінше, Қазақстан Ауғанстан арқылы жол салуды да қарастырып жатыр. Сонда Пәкістанның терең сулы порттарына шығуға мүмкіндік ашылмақ.

— Бұл бағыт, тіпті, тиімді болар еді. Себебі, Ормуз бұғазына шығудың қажеті болмайды. Жуырда Иранның жол саласына жауапты министрімен кездестім. Ол тағы бір порттың, яғни Чабахардың теміржол құрылысы аяқталуға таяу екенін айтты. Ал Чабахар Ормуз бұғазында. Ондағы барлық порт белгілі бір жағдайлар орын алса, қауіпті аймаққа айналады. Ондай жайттар жақын арада қайталанбайды деп ойлаймын. Бірақ бәрібір де біз үшін әлгіндей жағдайлар ескерту дабылы іспетті. Сондықтан Ауғанстан бағытын да бір нұсқа ретінде қарастырамыз, — деп түйіндеді вице-премьер.

Айта кетейік, бұған дейін СІМ Иранның Бендер-Аббас портынан берген жер телімін Қазақстан неге әлі игермей отырғанын мәлімдеген еді.