Қазақстан Ирандағы жағдайға байланысты өзі экспорттайтын тауарлардың бағасын өсіре ме
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстан Ирандағы жағдайға байланысты сауда саясатын өзгертпейтінін айтты.

Ирандағы жағдайға байланысты Қазақстан экспорттайтын тауарлардың бағасы өзгере ме, - деп сұрады БАҚ өкілі Сенаттың жалпы отырысынан кейін.
Серік Жұманғарин бұл жайында әңгіме қозғауға әлі ерте деп есептейтінін айтты.
- Шынымды айтсам, не боларын, қалай болатынын білмеймін. Бізде қосалқы жолдар бар. Грузия арқылы немесе Қытай порттары арқылы шыға аламыз. Бұл логистиканы біраз қиындатады. Бірақ біз үшін ұзақ мерзімді салдары болса, түрлі жолдарды ойластырып, бизнесмендерге көмектесеміз. Біздің тауарлар биржа арқылы сатылады. Сондықтан бағаны өсіреміз деп ойламаймын. Өйткені бағаны біз белгілемейміз, сыртқы нарық айқындайды. Бәсеке өте жоғары. Сондықтан бізге биржа белгілеген бағамен сатамыз, - деді вице-премьер.
Айта кетейік, бүгін Сенат жаңа Салық кодексін Мәжіліске қайтарды.