Қазақстан қалаларында кептірілген жеміс бағасы қанша
АСТАНА. KAZINFORM — Базар мен дүкендегі мейіз, кептірілген өрік пен құрма бағасы әртүрлі. Бағаға өнімнің сұрпы, сапасы мен сауда орны әсер етеді. Екі сауда орнындағы баға арасында бірнеше мың теңге айырмашылық бар. Kazinform тілшісі 18 қаладағы базар бағасын салыстырып, кептірілген жемістің қайда арзан екенін білді.
Кептірілген үш жемістің ішінде құрма бағасы төмен болып шықты. Сұрпына қарай таңдасақ, баға еселенеді. Сонымен бірге өрік-мейіз бағасы да әртүрлі. Бір өңірде өнімнің келісі 2 500 теңге болса, енді бірінде 7 000-8 000 теңгеге саудалап жатыр.
Мейіз бағасы сұрпына қарай өзгереді
Мейіз бағасы еліміздегі өңірлерде 2 500 теңгеден басталады. Мәселен Көкшетау қаласында 2 500 — 4 200 теңге аралығында, Талдықорғанда 2 700 теңге, Оралда 2 800 — 4 100 теңге. Ал Ақтөбе қаласында келісі 2 800 — 4 500 теңге аралығында.
Қазақстанның кейбір қаласында баға жоғары. Мәселен Ақтау қаласында мейіздің келісі 5 000 — 5 500 теңге аралығында. Шымкентте 6 500 теңге болса, Павлодарда 7 200 теңгеге саудалайды.
Баға айырмашылығына сауда орнымен қатар жемістің сұрпы да әсер етеді. Жүзімнің сұрпы, өлшемі, түсі, оны іріктеу және кептіру сапасына мән берген жөн. Сары мейіз бен қара мейіздің түбі мейіз болғанымен, дәмі де, сапасы да әртүрлі. Тұтынушылар оған да баса назар аударады.
Кептірілген өріктің келісі 7 мың теңгеге жетеді
Кептірілген өріктің сапасы мен сұрпы бағаға әсер етеді. Ақтау мен Көкшетау қалаларында келісі 2 500 теңге. Ал Ақтөбе қаласында 3 000 — 3 500 теңге, Талдықорғанда 3 500 — 4 700 теңге.
Өзге қалаларда баға жоғары. Қостанай қаласында 4 225 — 7 150 теңге, Шымкентте 3 000 — 6 500 теңге, ал Павлодарда 3 800 — 8 000 теңге.
Кептірілген өрік таңдаған кезде тұтынушылар түр-түсіне қарайды. Өнімнің көлемі, өріктің сұрпы, жұмсақтығы, іріктелуі және сыртқы түрі маңызды. Ірі әрі түсі әдемі өріктің бәрі дәмді деп қабылдауға болмайды.
Құрманың түрі көп
Еліміздегі дүкен мен базарда кептірілген құрманың түрі көп. Түркістанда ең кең таралған сұрпын 1000 — 1 200 теңгеге сатып алуға болады. Шымкентте келісі 1 200 теңгеден басталса, Қарағанды мен Жезқазғанда 1 500 теңге. Ал Талдықорғанда 1 200 — 5 000 теңге аралығында.
Қазір сұранысқа қарай жоғары сұрыпты құрма да сатылады. Ақтау қаласында «патшалар» құрмасының келісі 5 000 — 6 000 теңге, Атырауда шамамен 6 000 теңге. Орал қаласында келісі 9 200 теңгеге жеткен, ал Павлодарда 9 600 — 15 200 теңге аралығында.
Қарапайым кептірілген құрмаға қарағанда Medjool, Ajwa және Sukkari бағасы жоғары. Құрманы өлшемі, түрі және дәміне қарай таңдап, талғамға қарай ақысын төлеуге тура келеді.
Баға неге әртүрлі?
Кептірілген жемістің басым бөлігі өзге елдерден жеткізіледі. Демек өнімнің алғашқы құны шетелде анықталады. Жеміс-жидектің шығымы, терім, шикізат сапасы, кептіру, тасымалдау мен сақтау, сатушы шығындарынан соң ақырғы баға қойылады.
Сонымен бірге тауардың қайда және қалай сатылатыны маңызды. Базарда келілеп берсе, дүкенде арнайы қаптамаға салады. Бірінде тұтынушы әртүрлісін таңдап, өзіне ұнағанын іріктей алады. Енді бірінде бағаға қорабы, бренд және қалай тасымалданғаны әсер етеді.
Kazinform бұрған дейін Қазақстандағы құрма бағасын салыстырды.