Қазақстан қалаларында үй интернетінің құны қанша
АСТАНА. KAZINFORM – Қазір қалалардың көбінде интернет қызметін жалпыреспубликалық провайдерлер ұсынып отыр. Ал кейбір өңірде аймақтық компаниялар жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Тариф бағасы қанша және оған не кіреді?
Қазақстан қалаларында көбіне ірі компаниялардың жұмысы оң жолға қойылған. Тарифке тек интернет қызметі ғана емес, телеарналар, онлайн-кинотеатр мен байланыс кіреді. Байланыс операторлары өз арасында сөйлессе, ақы алмайды, ал өзгесіне шектеулі минут есептейді. Сонымен бірге мобильді интернет гигабайтқа байлаулы.
Ал үй интернетінде мұның бәрі бірдей бола бермейді. Дегенмен еліміздің кейбір қаласында арнайы қызметі мен тарифі бар провайдерлерді кезіктіреміз. Сонымен бірге қазір байланыс үшін ғана емес, роутерді жалға алғаны үшін де ақы төлейді. Бұл талап бәріне ортақ.
Қазақстан қалаларында үй интернетінің бағасына баспананың қайда орналасқаны және көпқабатты немесе жер үй екені маңызды. Жер үйге қарағанда көпқабатты үйлердің тариф бағасы төмен.
«Ең қымбат» интернет
«Beeline» компаниясы ұсынған интернет қызметінің бағасы жоғары. Мұнда жылдамдығы 300 мб/с болатын тариф құны – 17 999 теңге. Оған 5 байланыс нөмірін, байланыс операторы арасында тегін сөйлесу мүмкіндігін ұсынады. Сонымен бірге телеарналарды қосады, онлайн кино қарауға болады.
Теле2 операторы да алысқа ұзап кетпеді. Бұл компанияда ең қымбат тариф - 17 490 теңге. Жылдамдығы - 1000 мб/с. Мұнда 6 байланыс нөмірі, сонымен бірге лимитсіз интернет бар. Өз арасында тегін сөйлесе алады.
Одан әрі Қазақтелеком компаниясы тұр. Мұнда жылдамдығы 500 мб/с болатын үйдегі интернетке ай сайын 16 999 төлеуге тура келеді. Оған 170 телеарнаны, 4 сим-картаны қоса береді. Байланыс осы оператор арасында тегін, өзгелеріне 1000 минут бөлінген. Сонымен бірге 60 гигабайт қоса есептеледі.
Бұл компаниялардың бәрі Қазақстан қалаларында қолжетімді.

Қазақстан өңірлерінде интернет бағасы қанша?
Үй интернеті еліміз бойынша Қарағандыда арзан болып шықты. «Optinet» компаниясы жылдамдығы 100 мб/с болатын қызметті 3 000 теңге деп бағалап отыр. Мұнда 165 телеарнаны қарауға болады. Ал роутер үшін ай сайын 500 теңге төлейді.
Екібастұз қаласында да тариф бағасы осы шамалас. «DV-Line» компаниясының қызметі көпқабатты үйлерде 3 900 теңге. Жылдамдығы - 20 мб/с дейін. Ал жеке секторда баға 5 900 теңге. Интернет жылдамдығы - 50 мб/с дейін.
Атырау қаласында «Fibernet» компаниясы жылдамдығы 100 мб/с болатын үйдегі интернетке ай сайын 3 990 теңгелік тарифті бекіткен. Жеке үйлердің иесі жылдамдығы 30 мб/с болатын тариф үшін ай сайын 5 900 теңге төлейді.
Қостанайда үйдегі интернет бағасы – 4 000 теңге. Кабельді желінің жыламдығы - 100 мб/с. Ал Талдықорғанда дәл осындай жылдамдықтағы интернет бағасы – 4 400 теңге. «Kainar.NET» компаниясы жер үйлерде қызмет көрсеткенде тарифке тағы 500 теңге қосады.
Орал қаласында үй интернетінің бағасы 5 мың теңгеге жуықтап қалды. Мұнда «SAS Telecom» компаниясы 4 900 теңге болатын интернет қызметін кез келген шағын ауданға жеткізіп бере алмайды. Бұл қызмет «Зачаганский» бау-бақша ұжымына, «Балауса» тұрғын алабы мен Сарыарқа, Сарытау, Арман, Ақжайық, Коминтерн, Ғалымдар ауылы, Жақсы ауыл, Қазақ ауыл, Құс фаррикасы шағын аудандары мен Подстепное, Жымпиты, Түкпай, Достық ауылдарында ғана бар.
Өскемен мен Алматыда баға 4 990 теңгеден басталады. Мұнда «Fastline» және «Meganet» компаниясы бар. Өскеменде интернет жылдамдығы 50 мб/с болса, оңтүстік астанада - 200 мб/с.
Қазақстанның бірнеше қаласында «Транстелеком» компаниясының қызметі арзан болып шықты. Петропавл, Павлодар, Көкшетау, Ақтөбе, Ақтау, Түркістан, Шымкент, Семей мен Астанада жылдамдығы 100 мб/с болатын интернеттің бағасы айына 4 999 теңге.
Одан әрі Тараз қаласы тұр. Мұнда «Алма+» компаниясының қызметі - 5 490 теңге. Интернет жылдамдығы – 300 мб/с.
Қызылорда қаласында үйдегі интернет тарифінің құны өзге өңірлерге қарағанда жоғары болып шықты. Теле2 компаниясы жылдамдығы 1000 мб/с болатын интернетке ай сайын 7 490 теңге есептеп береді. Жезқазғандағы тариф бағасы айына – 7 499 теңге. Мұнда «Beeline» компаниясы ұсынатын интернеттің жылдамдығы – 300 мб/с.
Бұған дейін Қазақстандағы қоғамдық көліктердің жолақысы туралы жазылды.
Сонымен бірге ТҚС пен ҰБТ курстары қызметі туралы білдік.