Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы: стратегиялық әріптестік арта түспек

АСТАНА. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ШЫҰ саммиті аясындағы Қытайға жасаған сапарын сәтті деп айтуға болады. Ал ШЫҰ саммиті «Шанхай рухының» мызғымас беріктігін көрсетті.

Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы: стратегиялық әріптестік арта түспек
Фото: Ақорда

Үлгілі қатынас

Қытай Төрағасы Саммитке қатысуға келген 20-дан астам көшбасшының үшеуін ғана, Қазақстан, Ресей және Үндістан басшыларын жеке қабылдады. Куәгерлердің айтуынша, екі сағатқа созылған әңгіме әдеттегі протоколдан тыс жүрген. Қасым-Жомарт Тоқаев Астана мен Бейжің арасындағы байланыс туралы айтса, Си Цзиньпин екіжақты ынтымақтастық әлемдік саясаттағы өзгерістерге тәуелді емес екенін атап өтті. 

Қытайдың ең ірі газеті China Daily Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласын жариялады. Жалпы, қытайлық БАҚ екі ел көшбасшыларының келіссөзін егжей-тегжейлі жариялады, өзара жобалар туралы барынша тарқатып баяндады.

Екі арадағы тауар айналымы 44 млрд долларға жетті. Кейінгі 20 жылда инвестиция көлемі 27 млрд доллардан асқан.

– Қытай – Қазақстанның ірі сауда серіктесі. Бұл жолғы сапар аясында Қазақ-Қытай Іскерлік кеңесінің отырысына қатысуды және Қытайдың бірқатар ірі компанияының басшыларымен кездесуді жоспарлап отырмын, - деді Мемлекет басшысы ҚХР төрағасымен кездесуде.

Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы: стратегиялық әріптестік арта түспек
Фото: Ақорда

Си Цзиньпин бұл мемлекет басшыларының кейінгі екі ай ішінде екінші кездесуі екенін ерекше атап өтті.

– Қазақстан мен Қытай арасында бұрын-соңды болмаған жоғары сенім деңгейі қалыптасты.  Энергетика, көлік, технология салаларындағы кооперацияның терең деңгейге жетуі өзара тиімді ынтымақтастық форматтарын кеңейтуге мүмкіндік береді, - дейді Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Лидия Пархомчик. 

Оның айтуынша, екі арада 10 млрд долларға жуық соманы қамтитын 60-тан астам бірлескен жоба іске асырылған. Жалпы инвестициялық жобалардың пулы 60 миллиард доллардан асатын 222 бастаманы қамтиды. Атап айтқанда, жақында өткен Орталық Азия мен Қытай форумында Қазақстан мен ҚХР компаниялары арасында 24 млрд доллардан астам сомаға келісімдерге қол қойылды.

Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы: стратегиялық әріптестік арта түспек
Фото: Ақорда

Негізгі бастамалар

Екі арадағы келіссөз ШЫҰ саммиті алаңында жалғасты. Кеше делегация басшыларының құрметіне салтанатты қабылдау өтті. Оларды ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мен оның жұбайы Пэн Лиюань қарсы алды.

Бүгін таңертең «Мэйцзян» конгресс орталығында саммит басталды. 

Күн тәртібіндегі маңызды мәселелер: қауіпсіздік, экономиканы дамыту, жасанды интеллект, экологиялық сын-қатерлер және т.б.

Саммит қорытындысы бойынша Тяньцзинь декларациясы мен 20 құжатқа қол қойылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қазақстан ШЫҰ-ның тең құқықты, көпполярлы қарым-қатынас, қауіпсіздік пен тұрақтылық, мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау, егеменді даму құқығы, әділ халықаралық сауда, өзара тиімді инвестициялық ынтымақтастық сиқты негізгі мақсаттарын толық қолдайтынын атап өтті.

Мемлекет басшысы транзиттік-тарифтік стратегия мәселелерін пысықтауды ұсынды. Бұл мәселе қараша айында Ақтау қаласында өтетін ШЫҰ-ның бірінші форумында порттар мен логистикалық орталықтардың басшылары арасындағы келіссөздер мен пікірталастардың күн тәртібіне енуі мүмкін.

Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы: стратегиялық әріптестік арта түспек
Фото: Ақорда

Кедергілерді еңсере отырып...

«Шанхай бестігі» бүгінде «ондыққа» айналды. Өйткені ұйымға кейінгі жылдары Үндістан, Пәкістан, Иран және Беларусь елдері кірді. Бақылаушы елдердің қатары да өсіп келеді.

Географияның кеңеюі экономикада жаңа мүмкіндіктер ашады. Өңір экономикалары интеграцияланып, көлік байланыстары дамуда, шекаралардағы кедергілер жойылып жатыр. Екінші жағынан, елдер неғұрлым көп болса, қайшылықтар соғұрлым көп болады.

Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы: стратегиялық әріптестік арта түспек
Фото: Лидия Пархомчиктің жеке мұрағатынан

– Үндістан мен Пәкістан арасындағы байланыс, Ресей мен Иранға қарсы санкция мәселесі. Саммитте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үшін мұндай жағдай маңызды кедергі емес екенін мойындауымыз керек, - дейді Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Лидия Пархомчик.

Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы: стратегиялық әріптестік арта түспек
Фото: Ескендір Ақылбаевтың жеке мұрағатынан

Ал Xander Group компаниясының бас директоры Ескендір Ақылбаев Үндістан мен Пәкістан арасындағы қайшылықтар ШЫҰ тиімділігіне әсер етпей қалмағанын айтады.

– Ал Өзбекстан мен Қырғызстан шекараны делимитациялауды аяқтады, Қырғызстан мен Тәжікстан даулы аумақтар бойынша келісімге қол қойды. Бұл оң сигнал: өңірлік мемлекеттер шиеленіс тәуекелдерін өз бетінше төмендете бастады, - дейді сарапшы.

Лидия Пархомчик Таяу Шығыстағы жағдайлар орта дәлізге деген қызығушылықты арттыратынын айтады.

Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы: стратегиялық әріптестік арта түспек
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Жылдам жеткізу модельдері

ШЫҰ аясында еркін сауда аймағын құрудан бастап долларсыздандыруға дейінгі көптеген экономикалық бастамалар талқыланып жүр. Бүгінде ШЫҰ-ға мүше елдердің жалпы сауда көлемі кейінгі 20 жылдан астам уақыт ішінде 100 есеге жуық өсті. 

– ШЫҰ құрылған сәттен бастап оған мүше мемлекеттердің әлемдік ЖІӨ-ге қосқан үлесі екі есеге артып, 30%-ға жетті. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ішкі сауда көлемі 650 миллиард доллардан асты. Қазақстанның ШЫҰ елдерімен тауар айналымы да тұрақты өсуде, былтыр оның көлемі 70 миллиард долларға жақындады, - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саммитте сөйлеген сөзінде.

Президент
Фото: Ақорда

Бұл тұрғыда Қытайдың ШЫҰ-ға мүше мемлекеттермен сауда айналымының құрылымын қарастыру қызықты, ол 2024 жылы 512,4 млрд долларға жетті.

Ескендір Ақылбаевтың айтуынша, Түркия мен Сауд Арабиясы соңғы екі жылда ШЫҰ елдерімен сауданы 20%-ға арттырды. Серіктестер мен бақылаушылар форматы бүгінде ол ұйымның ықпалын кеңейтудің нақты құралына айналды.

– 2024 жылы Қытай–Еуропа бағыты бойынша жүк пойыздарының 80%-дан астамы Қазақстан арқылы өткен. 8 мыңға жуық құрам «Қорғас» құрғақ портын кесіп өтті. Орта дәліз бойынша тасымалдау көлемі 4,1 млн тоннаға дейін өсті. Қазақстан жай транзиттік аумақ деңгейінен өсіп, Еуразияның стратегиялық көпіріне айналып келеді, - деді Ескендір Ақылбаев.

Оның сөзінше, 2024 жылы орта дәліз бойынша тасымалдау көлемі 86% өсті. Қазақстан мен Өзбекстандағы кеденді цифрландыру транзит уақытын үштен біріне қысқартқан.

news.cgtn.com
Фото: news.cgtn.com

Ортақ бағдар – ортақ тағдыр

Жалпы, ШЫҰ-ға мүше елдердің болашақ туралы ортақ түсінігі бар. Диалог «ШЫҰ +» форматы есебінен кеңейіп, бизнес-байланыстар белсенді дамуда. Саммит аясында екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына және Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылғанына 80 жыл толуы атап өтілді.

Айта кетейік, Тяньцзиньдегі ШЫҰ саммитінде 20 құжатқа қол қойылды.

Соңғы жаңалықтар