Қазақстан Қытай компанияларын сирек кездесетін минералдарды бірлесіп игеруге шақырды

Мұрат Нұртілеу
Фото: Kazinform/Солтан Жексенбеков

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынастың маңызды тұстарына тоқталып өтті. 

«Қазақстан Үкіметі қытай тарапының инвестициялар көлемін арттыра түсуге деген ниетін толық құптайды. Қазір мұнай-газ, химия, металлургия, агроөнеркәсіп, тау-кен өнеркәсібі және басқа да салаларда ондаған ірі бірлескен жобалар жүзеге асырылды. Сонымен қатар, озық технологиялар, инновация және ғылыми-зерттеудегі әлеуетімізді әрі қарай жетілдіру біз үшін аса маңызды», - деді Мұрат Нұртілеу Қытайдың Сыртқы істер министрімен кездесуден кейін БАҚ-қа мәлімдеме жасап.

Министрдің айтуынша, екі ел жоғары сапалы технологиялық ынтымақтастыққа ерекше назар аударып отыр.

«Атап айтқанда, елімізде электромобильдер өндірісін құру туралы қытай тарапының ұсынысына қазақ тарапы толықтай қолдау көрсетпек. Өз кезегімізде, сирек кездесетін минералдар қорын бірлесіп игеруге қытай компанияларын шақырамыз», - деді М. Нұртілеу.

Бұған дейін еліміздің Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу «Қазақ-Қытай» ықпалдастығы бұрын-соңды болмаған белестерге шыққанын айтқан еді. 

Былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 41 млрд долларға жеткен.

Соңғы жаңалықтар