Қазақстан қоғамдық қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастықты күшейтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Ляньюньган қаласында Қоғамдық қауіпсіздік саласындағы жаһандық ынтымақтастық форумының конференциясы өтті. Бұл туралы ҚР ІІМ мәлім етті. 

Қазақстан қоғамдық қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастықты күшейтіп жатыр
Фото: ҚР ІІМ

Форум аясында трансұлттық қылмыс, есірткінің заңсыз айналымы, киберқылмыс және заңсыз көші-қон секілді өзекті мәселелер талқыланды.

Аталған шараға ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденов қатысып, сөз сөйледі. Министр еліміздің цифрлық трансформацияны стратегиялық басымдық ретінде қарастыратынын атап өтті.

— Әлем жаңа тарихи дәуірге қадам басты. Цифрлық прогресс қарқыны артып келеді. Жаппай цифрландырудың ауқымды мүмкіндіктерімен қатар ол қауіпсіздікке қатысты белгілі бір сын-қатерлерді де тудырады. Полиция тәжірибесін инновациялық технологиялармен ұштастыра отырып, бұл қауіптерге тиісті деңгейде төтеп бере алатынымызға сенімдімін, — деді министр.

Қазақстан тарапы БҰҰ-ның киберқылмысқа қарсы конвенциясына қосылуға ниетті екенін, сондай-ақ Еуропалық конвенцияға қосылу бойынша жұмысты жалғастыратынын және БҰҰ, ШЫҰ, ТМД, Түркі мемлекеттері ұйымы және басқа да құрылымдар аясында серіктестікті белсенді дамытуды көздеп отырғанын жеткізді.

Форум барысында қазақстандық делегация қоғамдық қауіпсіздік саласындағы соңғы жетістіктермен танысты. Арнайы көрмеде құқық қорғау органдары жұмысында цифрландыру мен жасанды интеллект қолданудың заманауи технологиялары ұсынылды.

Форум аясында Қазақстан Ішкі істер министрінің Интерполдың Бас хатшысы В.Уркизамен, Қытайдың қоғамдық қауіпсіздік министрімен, Грузия мен Моңғолияның ішкі істер министрлерімен, Беларусь тергеу комитетінің төрағасымен және Huawei компаниясының басшылығымен екіжақты кездесулері өтті.

Келіссөздер барысында өзара іс-қимыл перспективалары, тәжірибе алмасу және қоғамдық қауіпсіздік саласына инновациялық технологияларды енгізу мәселелері қаралды.

Барлық кездесулер өзара түсіністік және конструктивті форматта өтіп, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты күшейтуге және бірлескен бастамаларды іске асыруға тараптардың мүдделілігін растады.

Бұған дейін, қоғамдық қауіпсіздік саласын барынша цифрландыру жемқорлықты азайтатынын жаздық

Соңғы жаңалықтар