ТМҰ:Қазақстан – ең қуатты түркітілдес мемлекеттердің бірі

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандағы референдум қоғамның кең қатысуымен өтіп жатыр. Бұл жөнінде Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысының орынбасары Омер Коджаман Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында өткен брифингте хабарлады.

Омер Коджаман
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Оның айтуынша, байқаушылар референдумның жоғары белсенділікпен өтіп жатқанына куә болды.

– Бақылау барысында дауыс беру процесі қоғамның барлық тобының қатысуымен, қызығушылық пен жоғары белсенділікпен өткенін көрдік. Комиссия мүшелері жоғары деңгейде дайындалған. Еріктілер мен байқаушылар өз жұмыстарын сапалы орындап жатыр. Барлық учаскелерде тәртіп сақталған, заң талаптары толық орындалған. Бұл – өте маңызды көрсеткіш, – деді О. Коджаман.

Ол сондай-ақ конституциялық өзгерістерге дауыс беру процесі де тиісті деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

– Референдум нәтижесінде енгізілетін реформалар елдің дамуына оң ықпал етеді деп сенеміз. Бұл қадам қазақ халқына, Қазақстан мемлекетіне және жалпы түркі әлеміне игілік әкелсін. Қазақстан – қуатты түркітілдес мемлекеттердің бірі. Құрылымы серпінді, аймақта үлкен күшке ие. Егер жаңа Конституция қабылданса, елдің даму мүмкіндіктері одан әрі кеңейеді деп сенеміз, – деді Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасары.

Айта кетейік, бұған дейін референдум ешқандай құқық бұзусыз өтіп жатқаны жөнінде халықаралық байқаушы мәлімдемесін жариялағанбыз.

 

 

Соңғы жаңалықтар