Қазақстан кубогы: «Астана» елордада «Тұраннан» басым түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Қазақстан кубогы ширек финалында «Астана» елордада Түркістанның «Тұран» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан кубогы: «Астана» елордада «Тұраннан» басым түсті
Фото: fcastana.kz

Елордалық клуб аталған кездесуге негізінен жастарды қосты. Десе де, олар жасыл алаң төрінде жақсы ойын көрсетті. Нәтижесінде бірінші кезеңде Владислав Прокопенко 26, 39-минутта мергендік танытты.

Екінші кезеңде алаң иелері ойын тізгінін өз қолында ұстауға тырысты. Соған қарамастан, есеп өзгерген жоқ.

Осылайша, «Астана» қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсті.

Айта кетерлігі, түркістандық клуб биыл бірінші лигада ойын көрсетіп келеді.

Енді «Тобыл» (Қостанай) мен «Шахтер» (Қарағанды), «Қайрат» (Алматы) мен «Ақтөбе» командалары кездеседі.

Ал, 21:00-де «Ордабасы» (Шымкент) мен «Қызылжар» (Петропавл) шеберлік байқасады.

Қарымта ойындар 7 маусымға белгіленген. Жартылай финал 28 маусым мен 8 шілдеде ойналады. Финал 4 қарашаға белгіленген.