Қазақстан кубогы: «Ордабасы» ширек финалдың төртінші жолдамасына ие болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан кубогы ширек финалына шыққан тағы бір команда анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан кубогы: «Ордабасы» ширек финалдың төртінші жолдамасына ие болды

Қазақстан кубогының 1/8 финалының қарымта ойынындағы бір кездесу «Мақтарал» (Түркістан облысы) мен «Ордабасы» (Шымкент) арасында өтті.

Екі команда арасындағы алғашқы ойында «Мақтарал» 2:1 есебімен жеңіске жеткен еді.

Бүгінгі кездесуде олардың қатарынан Хуан Сандоваль 14-минутта есеп ашқан еді. Оған «Ордабасы» сапынан Асхат Тағыберген 69, 84, Всеволод Садовский 76, Шахбоз Умаров 92-минутта төрт гол соғып кетті.

Осылайша «Ордабасы» қарсыласынан 4:1 есебімен басым түсіп, ширек финалға берілген төртінші жолдамаға қол жеткізді.

Еске салсақ, 29 сәуірде «Шахтер», «Қызылжар», «Атырау» командалары ширек финалға жолдама алды.

Ал 30 сәуірде «Ақсу» (Павлодар облысы) мен «Тобыл» (Қостанай), «Тұран» (Түркістан) мен «Каспий» (Ақтау), «Ақжайық» (Орал) пен «Қайрат» (Алматы), «Қайсар» (Қызылорда) мен «Астана» жасыл алаңға шығады.