Қазақстан кубогы: «Тобыл» ширек финалға шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан кубогы ширек финалына шыққан бесінші жолдама иесі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан кубогының 1/8 финалы қарымта кездесуінің екінші ойын күнін «Ақсу» (Павлодар облысы) мен «Тобыл» (Қостанай) ашты.
Бүгінгі кездесуде «Ақсу» сапынан Мирас Тұрлыбек 28-минутта есеп ашса, 41-минутта қостанайлық Жаслан Жұмашев таразы басын теңестірді.
Ойынның 85-минутында Мирас Тұрлыбек соққан гол павлодарлық клубқа жеңіс алып келді.
Осылайша «Ақсу» қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті.
Алғашқы кездесуде қостанайлық клуб 2:0 есебімен жеңген еді. Екі ойынның нәтижесімен «Тобыл» ширек финалға жолдама алды.
Енді бүгін, 30 сәуірде «Тұран» (Түркістан) мен «Каспий» (Ақтау), «Ақжайық» (Орал) пен «Қайрат» (Алматы), «Қайсар» (Қызылорда) мен «Астана» жасыл алаңға шығады.
Ал 29 сәуірде «Шахтер», «Қызылжар», «Атырау» және «Ордабасы» командалары ширек финалға жолдама алды.
Қазақстан кубогында 17 мамыр мен 7 маусым күндері 1/4 финал ойналса, 28 маусым мен 8 шілдеде жартылай финал болады.
Финал 4 қарашада өтеді деп жоспарланып отыр.