Қазақстан құрамасы Францияда өткен физика олимпиадасында бес медаль жеңіп алды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан құрамасы әлемдік деңгейдегі зияткерлік сайыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп жатыр. Францияның Палезо қаласында өткен физикадан халықаралық олимпиадада (International Physics Olympiad, IPhO-2025) ұлттық құрама бес медаль жеңіп алды.

оқушы
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Оқу-ағарту министрлігі мәліметінше, биылғы олимпиадаға 90 елден 400-ден астам дарынды оқушы қатысты. Қазақстан бұл жолы да үздіктер қатарынан көрініп, екі күміс және үш қола медаль иеленді.

оқушылар
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Әмірбек Азатбеков — Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы;

Бекасыл Елубай — Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;

Әмір Пшенбаев — Астана қаласындағы «Spectrum» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы;

Нұргүл Егенбергенова — Астана қаласындағы NURORDA мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы;

Артур Ким — Астана қаласындағы «Spectrum» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы.

Команданың ғылыми жетекшілері — PhD докторы, Сулейман Демирель университетінің ассистент-профессоры Самат Мақсұтов және халықаралық олимпиадалардың жүлдегері Алишер Еркебаев.

Айта кетейік, физикадан халықаралық олимпиада 1967 жылдан бері өткізіліп келеді және әлемдегі ең беделді пәндік жарыстардың бірі саналады (International Science Olympiads).

Қазақстан IPhO олимпиадасына 1997 жылдан бері тұрақты қатысып келеді. Осы уақыт ішінде ұлттық құрама ондаған медаль жеңіп алып, дайындығы мен ғылыми әлеуетінің жоғары екенін дәлелдеп жүр.

Қазақстандық оқушылар әлемдегі ең беделді олимпиадада 6 медаль жеңіп алғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар