Қазақстан құрамасының капитаны Асланбек Шымбергенов жарысты жалғастырады

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық боксшы Асланбек Шымбергенов ширек финалға жолдама алды. Қазақстандық боксшы 71 келі салмақта 1/8 финалда түркіменстандық Байрамдұрды Нұрмұхамедовпен сайысқа түсті.

асланбек шымбергенов
Фото: olympic.kz

Бірінші раундта Асланбек сауатты ойын көрсете білді. Қарсыласына соққыны дәл жасап, ұпай қорын молайтты.

Нәтижесінде төрешілер бірауыздан оның жеңісіне қолдау білдірді.

Екінші және үшінші раундта түрікменстандық боксшының белсенділігі байқалды.

Десе де, жалпы көрсеткіште Асланбек Шымбергенов жеңіске жетіп, ширек финалға шықты.

Асланбек Шымбергенов 1993 жылы дүниеге келген. Қазірге дейін 2023 жылғы әлем чемпионатында алтын медальға ие болды.

Сондай-ақ, 2022 жылы Азия чемпионы атағын жеңіп алды. 

Еске салсақ, қазақстандық боксшылардан Валентина Хальзова (75 келі), Алуа Балқыбекова (50 келі), Айбек Оралбай (92 келі), Cәкен Бибосынов (51 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Махмуд Сабырхан (57 келі) ширек финалға жолдама алды.

Ал ел құрамасынан Жайна Шекербекова (54 келі), Римма Волосенко (60 келі), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 келі), Наталья Богданова (66 келі) жарыс жолынан шығып қалды.

Жартылай финалға дейін жеткен бүкіл боксшы 2024 жылғы Париж Олимпиадасына жолдамаға ие болады.

Соңғы жаңалықтар