Қазақстан мектептеріне француз тілі оралса дейміз – Эмманюэль Макрон

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Франция президенті Эмманюэль Макронмен Ақордадағы кеңейтілген құрамдағы кездесу кезінде Қазақстанда француз тілінің қолданыс аясын кеңейту жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Акорда
Фото: Ақорда

«Мен өте конструктивті өткен бетпе-бет пікір алмасуымызға алғыс айтқым келеді. Бұған дейін айтқанымдай, Қазақстан Франциямен серіктестік бағытындағы міндеттемелерін нық әрі адал орындайды. Біз Франциямен стратегиялық серіктестігімізге сенеміз. Жуықтағы пікір алмасуымыздан кейін келешектегі өзара ықпалдастығымыздың бірнеше басым саласын айқындадық. Оның ішінде энергетика, жаңартылатын қуат көздері, транзит және логистика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, цифрландыру, сондай-ақ, білім салалары бар», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының сөзінше, екі елдің әріптестік ауқымы өте әртараптанған. 

«Мен осы басым бағыттардың іске асатынына, алдағы жылдары біздің халықтарымыздың игілігін арттыратынына кәміл сенемін. Сондай-ақ, біз халықаралық деңгейдегі диалогтарымызды нығайту жөнінде пікір алмастық. Өңірдегі және жаһандағы күн тәртібінде тұрған мәселелер бойынша өзара жағымды әрі орнықты ықпалдастығымыздың маңызын атап өттік. Оның бәрі бүгін қабылданатын бірлескен мәлімдемемізде көрініс табады. Біз француз мәдениетін, француз тілін Қазақстанда ілгерілетудің маңызын сөз еттік. Біз өз тарапымыздан бұл маңызды салада бірге жұмыс істеуге барынша күш саламыз. Мен Қазақстан халқы үшін Франция туралы, сіздердің бай мәдениеттеріңіз туралы көбірек білу, француз тілін меңгеру өте маңызды деп ойлаймын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Бұл жайында мәртебелі мейман да ой қосты.

«Мәдени, адами байланыстарды нығайтқымыз келеді. Қарым-қатынасымыздың осы қырын дамытсақ дейміз. Қазіргіден де терең байланыс орнатқымыз келеді. Мысалы қазақ мектептеріне француз тілін оқыту тәжірибесі қайта оралғаны маңызды», - деді Франция Президенті Эмманюэль Макрон.

Еске салайық, Франция Президенті Эмманюэль Макрон ресми сапармен Қазақстанға келді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Франция Президенті Эмманюэль Макронды қарсы алды.

Қазақстан мен Франция президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Макрон бұл сапар екіжақты серіктестік үшін маңызды жылмен тұспа-тұс келіп отырғанын айтты.

Қазақстан Президенті өз сөзінде Франция – Қазақстанның Еуропадағы өте маңызды серіктесі екенін атап өтті

Сондай-ақ, Президент кездесу кезінде білім және ғылым саласындағы жобаларды қолға алуға ерекше көңіл бөлінгенін жеткізді

Мемлекет басшыларының кездесуінен кейінгі қос елдің қарым-қатынасы қай бағытта дамуы мүмкін?

Айта кету керек, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға былтыр жасаған ресми сапары аясында 35 құжатқа қол қойылған болатын.

Соңғы жаңалықтар