Қазақстан мен Ауғанстан бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды жандандыруға уағдаласты

КАБУЛ. KAZINFORM -Ауғанстанға сапары аясында Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Ауғанстанның Өнеркәсіп және сауда министрінің міндетін атқарушы Нуриддин Азизимен кездесу өткізді.

Қазақстан мен Ауғанстан бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды жандандыруға уағдаласты
Фото: ҚР СІМ

Кездесуде теміржол көлігін, ауыл шаруашылығын, цифрлық инфрақұрылымды, пайдалы қазбаларды өндіруді дамыту және өзара сауданы арттыруды қоса алғанда, өзара іс-қимылдың өзекті бағыттары талқыланды.

ҚР СІМ басшысы екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың айтарлықтай әлеуетке ие екенін атап өтті. Қазақстан химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, жанар-жағармай материалдары мен минералдық тыңайтқыштар өнімдерінің жеткізілімін ұлғайту мүмкіндіктеріне ие.

ҚР Сыртқы істер министрлігі мәліметінше, осыған байланысты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі қол қойылған «жол картасына» сәйкес екіжақты тауар айналымын 3 млрд АҚШ долларына дейін жеткізуге деген ортақ ұмтылыс расталды.

Қазақстан мен Ауғанстан бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды жандандыруға уағдаласты
Фото: ҚР СІМ

Инфрақұрылымдық жобаларға ерекше назар аударылды. М.Нұртілеу қазақстандық компаниялардың Ауғанстан аумағындағы ірі жобаларға қатысуға қызығушылық білдіретінін жеткізді. Атап айтқанда, пәкістандық порттар бағыты бойынша жүк тасымалдарын қамтамасыз ете алатын «Тургунди-Герат» теміржолын салу мәселесі қарастырылып жатыр. Осыған орай тараптар екі елдің бейінді ведомстволары арасында тиісті меморандумға қол қойылғанын құптады.

Қазақстан мен Ауғанстан бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды жандандыруға уағдаласты
Фото: ҚР СІМ

Сондай-ақ Қазақстанның ауған халқына азық-түлік, бірінші кезектегі қажетті тауарлар мен дәрі-дәрмек жеткізуді жалғастырып, елдегі тұрақтылық пен орнықтылықты қолдау сияқты гуманитарлық көмек көрсетуге қосқан үлесінің маңызы аталып өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша сұхбаттастар басым салалардағы бірлескен жобаларды іске асыру бойынша мазмұнды диалогты жалғастыруға, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органдар деңгейінде тиімді үйлестіруді қамтамасыз етуге уағдаласты.

Айта кетейік, Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы Ауғанстанда қандай өзгерістер болып жатқанын, оның Орталық Азияға, әсіресе Қазақстанға қалай әсер ететінін сарапшымен талқылап көрді.

Соңғы жаңалықтар