Қазақстан мен Қытай мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығының негізгі бағыттары айқындалды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Қытаймен мәдени-гуманитарлық және ақпараттық саладағы стратегиялық серіктестікке ерекше мән береді. Екіжақты қарым-қатынастың маңызы туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева баяндады.

«Орталық Азия – Қытай» гуманитарлық алмасу форумы
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

— «Орталық Азия — Қытай» гуманитарлық алмасу форумы жай ғана диалог алаңы ғана емес, сонымен қатар бірқатар салада кешенді өзара іс-қимылды қалыптастыру мен ұзақ мерзімді әрі тиімді серіктестікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды стратегиялық механизмге айналды. Бүгінде Орталық Азия өңірі тек Еуропа мен Азия арасындағы сенімді көпір мен транзиттік хаб қана емес, сондай-ақ зор инвестициялық, сауда-экономикалық, туристік және мәдени-гуманитарлық әлеуетке ие жаңа сапалы өсім нүктесі ретінде қарастырылуда. Бұл кеңістікте Қазақстанның орны ерекше, — деді Аида Балаева елордада өтіп жатқан «Тату көрші және достық: болашаққа қадам Қытай-Орталық Азия гуманитарлық алмасу» атты форумда.

Одан әрі министр «Орталық Азия мен Қытай» ынтымақтастығының қазіргі серпіні мен болашағын айқындайтын бірнеше негізгі бағытты атады: 

Бірінші. Қазақстан Қытаймен мәдени-гуманитарлық және ақпараттық салалардағы стратегиялық серіктестікке ерекше мән береді. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің өткен жылғы Қазақстанға сапары аясында екі маңызды құжатқа қол қойылды. Ол Қытай Халық Республикасының радио мен теледидар істері жөніндегі Бас мемлекеттік басқармасымен ынтымақтастық туралы меморандум және Қытайдың медиакорпорациясы CMG (СиЭмДжи) ұйымымен меморандум.

Аталған құжаттар бірқатар нақты бастаманы іске асыруға негіз болды. Олардың қатарында екі елдің туристік әлеуеті туралы бірлескен деректі фильм түсіру, «Бір белдеу, бір жол» бастамасының 10 жылдығына арналған телесюжеттер әзірлеу, сондай-ақ журналистерімізді Big Data, жасанды интеллект және медиатехнологиялар бағытында біліктілігін арттыру бар.

Форум қарсаңында Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен түсірілген «Ұлы дала елі мен аспан асты елі: көрші, серіктес, дос» атты деректі фильм республикалық телеарналарда көрсетілді. Медиажоба — елдердің мәдени диалогты тереңдетуге және Орталық пен Шығыс Азияда ортақ ақпараттық кеңістік құруға деген ұмтылысының көрінісі.

Екінші. Екіжақты ынтымақтастықтың күшеюі аясында Қазақстан Орталық Азияда бірыңғай ақпараттық кеңістік құру идеясын көтерді. Бұл бастама ғаламдық ақпараттық сын-қатерлерге бірлесіп қарсы тұруға, қауіпсіз ақпараттық орта қалыптастыруға, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салада ортақ жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.

Мемлекетаралық мәдени жобалардың басым бағыттарының бірі — паритетті негізде мәдени орталықтар құру. Елдерімізде паритетті мәдени орталықтар ашу — ұлттық мәдениетті ілгерілету мен халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайту жолындағы маңызды қадам.

Сонымен қатар, ШЫҰ елдерінің рухани мұрасын таныту мақсатында «ШЫҰ-ның рухани киелі орындары» атты бейнеролик дайындалды. Ол бейнеролик 7 шілдеде Циндао қаласында өтетін ШЫҰ Мәдениет министрлерінің алдағы отырысында ұсынылады. Аталған жоба — тарихи жадымызды сақтау мен мәдени байланыстарды нығайтуға деген ортақ ұмтылыстың көрнекі символы болмақ. ШЫҰ, «Орталық Азия — ҚХР» диалог алаңдары аясында жастар алмасуы тұрақты түрде жүзеге асырылып жатыр.

Сонымен қатар, соңғы уақыттағы маңызды жетістіктердің бірі — елдеріміз сарапшылары арасындағы медиа саласындағы диалогтың айтарлықтай нығаюы. Бұл бағыттағы бірегей алаң — Астанада өткен алғашқы Орталық Азия-Қытай медиа форумы.

Форум аясында жалған ақпаратпен күрес, кибер қауіпсіздік мәселесі кеңінен талқыланды. Қазақстан бұл бағытта жүйелі тәжірибе жинақтаған. «Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы» Заң қабылданды, цифрлық ортада балаларды қорғау туралы заңнама жетілдірілуде, stopfake.kz жобасы жұмыс істеп тұр. 

Сонымен қатар, Қазақстан телеарналарының көршілес елдерде паритетті негізде хабар таратуы бойынша жұмыстар істеліп жатыр және біз бұл форматқа қытайлық серіктестерімізді белсенді қатысуға шақырды.

Үшінші. Қазақстан креативті индустрияны белсенді дамытуда, стартаптарды қолдайды, салықтық жеңілдіктер ұсынады, креативті хабтар құруда және жас креатившілерге арналған гранттық қолдау тетіктерін енгізуде.

Біз креативті секторды өсу нүктелерінің бірі ретінде қарастырамыз. Әсіресе «Бір белдеу, бір жол» кеңістігінде мәдениет, тарих және жаңа технологиялар бірігіп, ортақ мағыналық алаң құруда. Осыған байланысты біз мәдени туризмді, жасыл экономиканы және инновациялық салаларды дамытуға бағытталған контентті бірлесіп ілгерілетуді ұсынамыз.

Қазақстан мен Қытай заманауи форматтар арқылы ұлттық мәдениетті насихаттауға бағытталған бірлескен медиа жобаларды іске асыруда оң нәтижеге қол жеткізді.

Төртінші. Бүгінгі пікірталас пен қол қойылатын құжаттар, соның ішінде «Хабар» агенттігі» АҚ мен Си Эм Джи медиакорпорациясы арасындағы меморандум біздің өзара іс-қимылымызға жаңа серпін береді. Біз бірлескен медиа жобаларды кеңейтуге, оқыту бағдарламаларын өткізуге, ұлттық контентті халықаралық стриминг платформаларға шығаруға және журналистер қауымдастықтары арасында сенімді байланыс орнатуға дайынбыз. Сондай-ақ біз театрлар, балет және музыка ұжымдарының өзара гастрольдерін, бірлескен спектакльдер мен опералар қоюды, музей көрмелері мен өзге де мәдени іс-шараларды өткізу маңызды.

Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастың маңызына тоқталды.  

Айта кетейік, елордада «Тату көрші және достық: болашаққа қадам Қытай-Орталық Азия гуманитарлық алмасу» атты форум өтіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар