Қазақстан мен Мажарстан арасында адамдардың өзара реадмиссиясы туралы келісім мақұлданды - Мәжіліс
«Келісімнің күшіне енуі екі елдің арасында дипломатиялық паспорттар иелері үшін визасыз режимді орнатуға басты шарт болады. Сонымен қатар, осы құжат екі мемлекеттің аумағына кіру және онда болу шарттарын бұзған адамдарды анықтауды және қайтаруды көздейді. Ал бұл санатқа еліміздің аумағына заңсыз кірген немесе заңды кірген, бірақ визаның немесе рұқсатының мерзімі өтіп кеткеннен кейін сонда қалған адамдар жатады», - дейді Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов. Оның айтуынша, Астана және Алматы қалаларының әуежайлары реадмиссия үшін Қазақстанның шекарасын кесіп өту пункттері болып белгіленген. Ал екі елдің ішкі істер министрліктері осы келісімді жүзеге асыратын құзыретті органдар ретінде айқындалған.
«Келісімді ратификациялау заңсыз көші-қонмен күресуге мүмкіндік береді. Мемлекеттің аумағында заңсыз жүрген адамдарды халықаралық құқыққа сәйкес қабылдауды, сондай-ақ, олардың транзитін жеңілдетеді», - деді министр Қ. Қасымов.
Айта кетерлігі, бүгінгі таңда Қазақстан реадмиссияға қатысты осындай он елмен келісімге қол жеткізген. Олардың арасында Германия, Швейцария, Чехия, Норвегия, Латвия, Литва, Беларусь, Ресей, Өзбекстан елдері бар. Сонымен қатар, 15 мемлекетпен осы бағытта келіссөздер жүргізілуде.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жолданады.