Қазақстан мен Оңтүстік Судан дипломатиялық қатынастар орнатты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Умаров пен Оңтүстік Суданның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Сесилия Адут Маньок Аденг екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастарды орнату туралы бірлескен коммюникеге қол қойды, деп хабарлайды СІМ.

Қазақстан мен Оңтүстік Судан дипломатиялық қатынастар орнатты
Фото: ҚР СІМ

Қазақстан Оңтүстік Судан Республикасын 2011 жылғы 15 шілдеде оның тәуелсіздігін жариялағаннан кейін ресми түрде мойындады.

— Қол қойылған құжат екі ел арасындағы қатынастар тарихындағы жаңа беттің басталғанын білдіреді. Қазақстан мен Оңтүстік Судан халықаралық құқықтың, БҰҰ Жарғысының қағидаттарына, мемлекеттік егемендік пен аумақтық тұтастықты құрметтеуге бейілділігін, сондай-ақ екіжақты негізде және көпжақты форматтарда өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту ниетін растады, — делінген хабарламада.

Тараптар Қазақстанның Африка мемлекеттерімен өзара іс-қимылының өсіп келе жатқан серпінін атап өтіп, сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға қызығушылық білдірді. Теңізге шыға алмайтын елдер тобы (LLDC) шеңберіндегі ынтымақтастық перспективасы және Африка нарықтарымен өзара іс-қимылы жасау үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытын пайдалану әлеуеті аталып өтті.

Көпжақты күн тәртібін талқылай отырып, тараптар жаһандық қауіпсіздіктің негізгі мәселелері бойынша ұстанымдарының жақындығын растады және БҰҰ алаңындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды қолдады. Тараптар БҰҰ-ның Оңтүстік Судан миссиясына (UNMISS) қатысу мәселелерін қоса алғанда, бітімгершілік мәселелері бойынша пікір алмасты және осы елдегі жағдайды реттеу үшін тұрақтылық пен диалогтың маңыздылығын атап өтті.

Айта кетейік, Оңтүстік Судан — Қазақстан дипломатиялық қатынастар орнатқан
191-ші мемлекет саналады. Бұл еліміздің халықаралық белсенділігі мен серіктестік байланыстарының дәйекті кеңеюін көрсетеді.

Бұдан бұрын БҰҰ Судан халқының үштен екі бөлігі гуманитарлық көмекке зәру екені айтылды.

Соңғы жаңалықтар