Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 1,4 млрд долларға жуықтады
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша Қазақстан Өзбекстанның негізгі сауда серіктестерінің үштігінде қалды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстан Ұлттық статистика комитетінің ақпаратына сай, қаңтар-сәуір аралығында елдің сыртқы сауда айналымы 24,6 млрд долларға жетіп, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 16,3%-ға өсті. Бүгінгі таңда көршілес мемлекет әлемнің 183 елімен сауда-саттық жасайды.
Елдің негізгі сауда серіктестері көшін Қытай бастап тұр. Екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 4,1 млрд доллардан (жалпы көлемнің 17%) асты.
Одан кейінгі орында сауда-саттықтың 15,1% үлесі тиесілі Ресей тұр. Бұл елмен арадағы импорт-экспорт көлемі 3,7 млрд доллардан артық.
Сонымен қатар, көшбасшылардың үштігін Қазақстан түйіндейді. Біздің ел мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 1,4 млрд долларға (5%) жуықтайды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 168 млн долларға көп.
Қамтылып отырған кезеңде Өзбекстан Қазақстанға 405,7 млн доллардың тауарын экспорттап, 986,8 млн доллардан астам сомаға тауар импорттаған.
Еске салайық, ресми Астана мен Ташкент өзара тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізуге мүдделі. Аталған көрсеткішке қол жеткізу үшін Қазақстан мен Өзбекстан арасында қосымша 4 сауда дәлізі ашылуы мүмкін.
Қоса кетсек, былтыр Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара тауар айналымы 4,2 млрд доллардан асты.