Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 1,8 млрд долларға жуықтады
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Биыл алғашқы 5 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан Өзбекстанның негізгі сауда серіктестерінің үштігінде қалды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстан Ұлттық статистика комитетінің ақпаратына сай, қаңтар-мамыр аралығында елдің сыртқы сауда айналымы 31,3 млрд долларға жетіп, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 15%-ға өсті. Бүгінгі таңда көршілес мемлекет әлемнің 189 елімен сауда-саттық жасайды.
Өзбекстанның негізгі сауда серіктестері көшін Қытай бастап тұр. Екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 5,3 млрд доллардан (жалпы көлемнің 17,2%) асты.
Одан кейін сауда-саттықтың 15,4% Ресейдің үлесіне тиесілі. Бұл елмен арадағы экспорт-импорт көлемі 4,8 млрд доллардан асады.
Сондай-ақ, көшбасшылардың үштігін Қазақстан түйіндейді. Біздің ел мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 1,8 млрд долларға (5,7%) жуықтайды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 212 млн долларға көп.
Қамтылып отырған кезеңде Өзбекстан Қазақстанға 518,8 млн доллардың тауарын экспорттап, 1,2 млрд доллардан астам сомаға өнім импорттаған.
Айта кетейік, ресми Астана мен Ташкент өзара тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізуге мүдделі. Аталған көрсеткішке қол жеткізу үшін Қазақстан мен Өзбекстан арасында қосымша 4 сауда дәлізі ашылуы мүмкін.
Еске салайық, былтыр Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара тауар айналымы 4,2 млрд доллардан асты.