Қазақстан мен Өзбекстан мәдени байланыстарды нығайтуға мүдделі
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстан президентінің көмекшісі Саида Мирзиёева осы елдегі Қазақстанның елшісі Бейбіт Атамқұловты қабылдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Кездесу барысында тараптар қос ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту және одақтастық қарым-қатынасты одан әрі тереңдету мүмкіндіктерін талқылады.
Атап айтқанда, Астана мен Алматы қалаларында Ә.Науаи атындағы мемлекеттік академиялық театрының гастролін ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Саида Мирзиёева мен Бейбіт Атамқұлов еліміздің Ұлттық музейінде және Ә.Қастеев атындағы Қазақстан өнер мұражайында өзбек тарапының көрмелерін өткізу ұсынысын қарастырды.
— Уағдаласқан іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Өзбекстан мен Қазақстан басшыларының нәтижелі жұмысы арқасында қалыптасқан бауырлас халықтар арасындағы достықты одан әрі нығайтуға ниеттіміз, — деп пікір білдірді Саида Мирзиёева.
Еске салайық, Қазақстан мен Өзбекстан арасында қосымша 4 сауда дәлізі ашылуы мүмкін.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ташкентте Қазақстанның, Астанада Өзбекстанның сауда орталығын салу жоспарланып отыр.
Тоқтала кетейік, бүгінде Өзбекстанда қазақстандық капиталмен мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл ретте екі ел арасындағы өңіраралық байланыс нығайып келеді.