Қазақстан мен Өзбекстан: Стратегиялық серіктестік пен одақтастықты нығайтуға бағытталған қадам
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Бүгінде Қазақстан мен Өзбекстан бәсекелестікке емес, серіктестік пен бірлескен дамуға негізделген одақтастықтың жарқын үлгісін көрсетіп жатыр. Мұндай пікірді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ташкентке мемлекеттік сапары қарсаңында Kazinform тілшісіне сұхбат берген Өзбекстан Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері Бекзод Норматов білдірді.
Сарапшының пікірінше, бұл сапар одақтастық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған маңызды қадам саналады және ол қазақ-өзбек әріптестігінің жаңа кезеңге өткенін дәлелдейді.
— Кейінгі жылдары ресми Астана мен Ташкент өзара іс-қимылдың сындарлы үлгісін көрсете отырып, екіжақты байланыстарды бұрын-сонды болмаған жоғары деңгейге шығарды. Үкіметаралық, парламентаралық, ведомствоаралық және өңіраралық дәрежедегі жан-жақты саяси диалог қос елдің ынтымақтастығына жаңаша реңк пен стратегиялық бағыт берді, — деді Бекзод Норматов.
Сарапшы атап өткендей, 1997 жылдан бастап Қазақстан мен Өзбекстан арасында экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық жобаларды үйлестірумен айналысатын үкіметаралық комиссия жұмыс істейді.
— 2019 жылдан бастап үкіметаралық комиссия шеңберіндегі өзара іс-қимыл жаңа кезеңге өтті. Енді комиссияны екі елдің премьер-министрлері басқарады. Оның жұмысына жаңаша реңк берілді. Тиісінше, комиссия өзекті мәселелерді жедел шешіп, екі ел арасындағы уағдаластықтардың сапалы орындалуын жіті бақылап отырады, — дейді Бекзод Норматов.
Парламентаралық байланыстар да ынтымақтастықтың басым бағыты саналады. Бұл ретте 2022 жылы ақпанда екі ел депутаттарының кеңесі құрылып, биыл мамырда Астанада оның екінші отырысы өтті.
— Кеңестің қызметі заң шығарушы органдар арасындағы тұрақты саяси диалогты сақтаумен қатар, қол жеткізілген уағдаластықтар мен бірлескен жобаларды іске асыру жолында парламенттік бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осының нәтижесінде екі елдің депутаттары заңнаманы үйлестіру мәселесін талқылап, құқықтық реттеу саласында тәжірибе алмасып, екіжақты ынтымақтастықтың нормативтік базасын жетілдірумен айналысып жатыр, — дейді Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері.
Бекзод Норматовтың пайымынша, Қазақстан мен Өзбекстан көшбасшылары жаһандық және өңірлік саясат мәселелері бойынша бір-біріне үнемі қолдау көрсетеді. Сондай-ақ, аймақтық интеграцияны ілгерілетуге, «Орталық Азия +» форматы мен Консультативтік кездесулер шеңберінде ортақ ұстанымға ұйып, өзара іс-қимылды үйлестіруге ұмтылып келеді.
— Астана мен Ташкент арасындағы бірлескен іс-қимыл өңірлік тұрақтылыққа, қауіпсіздікке оң әсер етеді. Біздің серіктестігіміз тек ұлттық мүддені емес, сонымен қатар Орталық Азияның елдерінің ортақ игілігін басты назарға алады, — деп тоқталды сарапшы.
Экономикалық серіктестік — қазақ-өзбек байланыстарының өзегі. Кейінгі жылдары бұл бағыттағы бірлескен жобалар өзара сауда айналымының өсуіне, инвестиция көлемінің артуына ықпал етті.
— 2024 жылдың қорытындысы бойынша біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымы 4,27 млрд доллардан асты. 2016 жылмен салыстырғанда 2,5 есе өсім байқалды. Биыл 9 ай ішінде өзара алыс-беріс 3,5 млрд долларға жетіп, 2024 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 15,5%-ға ұлғайды. Қазақстан Өзбекстанның ең ірі сауда серіктестерінің үштігіне кіреді. Бұл ретте 2030 жылға қарай тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізу мақсаты қойылды, — деді Бекзод Норматов.
Сондай-ақ, инвестициялық ынтымақтастық белсенді дамып келеді. Қазіргі уақытта Қазақстан мен Өзбекстан аумағында 6 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істеп тұр.
— Келтірілген әр деректің, санның артында нақты өндіріс, жаңа жұмыс орындары, жаңартылған зауыттар, жанданған нарық пен бизнес топтардың интеграциясы жатыр. Инвестиция, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика, фармацевтика, құрылыс және басқа да салалардағы кооперация нығайып келеді. Қос мемлекеттің экономикалық байланыстарын тереңдетуге елеулі үлес қосып келе жатқан бірқатар бірлескен өндірістік жоба бар. Олардың қатарында Қостанайдағы «Chevrolet» көліктерін құрастыратын зауыт, Түркістандағы тігін фабрикасы мен Шымкенттегі тоқыма кәсіпорнын ерекше атап өткен орынды, — деп пікір қосты сарапшы.
Осы ықпалдастыққа серпін беретін маңызды жобаның бірі — қазақ-өзбек шекарасындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы. Бүгінде оның құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Кешен 100 гектар аумақты қамтып жатыр. Оның 50 гектары Қазақстан аумағында болса, қалғаны Өзбекстан тарапында орналасқан.
— Орталықты құру Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы экономикалық әріптестікті нығайтуға айрықша серпін берері сөзсіз. Бұған қоса, ол Орталық Азиядағы өнеркәсіптік интеграцияны одан әрі ілгерілетуге мүмкіндік береді, — дейді Бекзод Норматов.
Өзбекстан мен Қазақстан бүгінде көлік дәліздерін бірлесе дамытуға аса ден қояды. Осы орайда, «Қызылорда-Үшқұдық» тасжолын салу және Ташкент облысында логистикалық хаб құру бойынша жобалар іске асырылып жатыр. Сарапшының бағалауынша, бұл бастамалар өңірлер арасындағы жүк тасымалын едәуір жеделдетуге мүмкіндік береді.
Бекзод Норматов екі мемлекет арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарға да ерекше тоқталды. Ол келтірген деректерге сай, туристер саны артып, өңірлерге жаңа әуе рейстері ашылып жатыр.
— Биыл 8 айда Өзбекстанға 1,8 млн қазақстандық саяхаттап келген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40%-ға көп. Сонымен қатар, Қазақстанға 956 мың өзбекстандық сапарлады. Өз кезегінде бұл көрсеткіш 2024 жылға қарағанда 1,5 есе артық. «Ташкент-Алматы» және «Ташкент-Астана» бағытында ұшақтар аптасына 50 рейске дейін орындап жатыр. Бұл рекордтық жиілік. Сондай-ақ Ташкент, Түркістан және Алматыны байланыстыратын жаңа теміржол турлары іске қосылды, — деп мәлім етті Өзбекстан Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері.
Оның сөзінше, дамыған Орталық Азияның келешек кеңістігін қалыптастыру жолында Қазақстан мен Өзбекстанның иеленер орны ерекше. Тиісінше, алға жылжуды жүйелі жалғастыру мақсатында бірлескен күш-жігер қажет.
— Бүгінде Өзбекстан мен Қазақстан бәсекелестікке жол бермейтін, тек серіктестік пен бірлескен дамуға негізделген одақтастықтың жарқын үлгісін көрсетіп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға сапары тек дипломатиялық оқиға емес, ол екі мемлекеттің ортақ болашақ құрудағы стратегиялық таңдауын айқындайды. Ал біз айтып отырған келешектің негізінде тұрақтылық, тату көршілік және өркендеу жатыр, — деп түйіндеді Бекзод Норматов.
Еске салайық, 14-15 қараша күндері Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің шақыруымен Ташкентке мемлекеттік сапармен барады. Жоспарға сай, мемлекет басшылары шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізеді, сондай-ақ президенттердің төрағалығымен Қазақстан-Өзбекстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің екінші отырысы өтеді.
Ал 16 қарашада Президент Ташкентте өтетін Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуіне қатысады.