Қазақстан мен Өзбекстан су бөлу келісімінің жаңа жобасын әзірлеу бойынша келіссөз жүргізіп жатыр

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Су бөлу келісімінің жаңа жобасын әзірлеу бойынша Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы келіссөз әлі де жалғасып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Қазақстан мен Өзбекстан су бөлу келісімінің жаңа жобасын әзірлеу бойынша келіссөз жүргізіп жатыр
Фото: ҚР Сауда және интеграция министрлігі

Өзбекстанның Ирригация және су мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының 100 жылдығына орай өткен конференцияға қатысқан ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жаңа келісім бойынша жүргізіліп жатқан келіссөз жайлы айтты.

- Бұл жұмыс бүгінгі күнге дейін жалғасып жатыр. Атап айтқанда, Қазақстан және Өзбекстанның мемлекеттік органдарымен келісу процесі жүргізілуде. Бір-екі позиция қалып отыр, әзірге солар бойынша нақты шешімге келген жоқпыз. Тиісінше, келіссөз жалғасады, - деді Нұржан Нұржігітов Kazinform тілшісінің сауалына жауап бере отырып.

Тоқтала кетсек, биыл қаңтарда Қазақстан тарапы су бөлу келісімінің жаңа жобасын әзірлеп, оны Өзбекстанға жолдаған еді.

- Біз еліміздің мемлекеттік органдарымен келісілген жобаны өзбек тарапына бердік. 15 күн ішінде олар бізге жауап жолдайды, - деген еді Нұржан Нұржігітов жыл басында Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.

Еске салайық, биыл 29 қантарда Душанбе қаласында Орталық Азияның Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 88-ші отырысы өтті. Оның барысында жасалған келісім нәтижесінде Қазақстан көршілес елдерден көктемде 11 млрд текше метр су алатын болды.

Соңғы жаңалықтар