Қазақстан мен Өзбекстанның ортақ ұстанымы аймақтық интеграцияға оң әсер етеді — сарапшы
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Ресми Астана мен Ташкенттің болашаққа қатысты ортақ ұстанымы Орталық Азиядағы интеграцияға оң әсер етеді. Мұндай пікірді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапары қарсаңында Kazinform тілшісіне сұхбат берген белгілі өзбекстандық саясаттанушы Фарход Толипов білдірді.
— Қазақстан мен Өзбекстанның қазіргі қарым-қатынасы стратегиялық сипатқа ие. Бірнеше жыл бұрын бұл байланыстар одақтастық деңгейіне шықты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Хиуаға жасаған кейінгі бейресми сапары барысында президенттер бірлескен мәлімдеме жасады. Онда мемлекет басшылары стратегиялық, одақтастық қарым-қатынаспен қатар, қазақ-өзбек ынтымақтастығы, саяси байланыстар енді екіжақты тандем форматында дамитынын айтты. Бұл өзара сенімнің жоғары деңгейде екенін аңғартады, — деп пікір білдірді Фарход Толипов Kazinform тілшісіне сұхбат бере отырып.
Сарапшының сөзінше, Қазақстан мен Өзбекстан ықпалдастығы өңірдегі интеграция үрдісін жүйелі жүргізуге ықпал етеді.
— Аналитиктер 90-шы жылдардан бастап өңірдегі ең негізгі мемлекеттер — Қазақстан мен Өзбекстанның жақындасуы аймақтағы интеграцияның өлшемі екенін айтып келеді. Бұл қос ел арасында қабылданған декларацияда да жазылған. Ресми Астана мен Ташкенттің болашаққа қатысты ортақ ұстанымы Орталық Азиядағы интеграцияға тікелей әрі оң әсер етеді, — деді Фарход Толипов.
Саясаттанушы атап өткендей, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапары екі арасындағы ынтымақтасты тереңдетуге бағытталған тағы бір маңызды қадам болмақ.
— Менің ойымша, сапар аясында стратегиялық серіктестік пен одақтастық байланыстарды бекемдей түсетін маңызды құжаттар қабылданады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапары Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуі қарсаңында өтеді. Тиісінше, президенттер осы іс-шараның күн тәртібін бірлесе ақылдасуы да ықтимал, — деп түйіндеді Ф.Толипов.
Еске салайық, 14-15 қараша күндері Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің шақыруымен Ташкентке мемлекеттік сапармен келетіні хабарланды. Мемлекеттер басшылары шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізеді, сондай-ақ президенттердің төрағалығымен Қазақстан-Өзбекстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің екінші отырысы өтеді.
Ал 16 қарашада Президент Ташкентте өтетін Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуіне қатысады.