Қазақстан мен Ресей университеттері 1453 жобаға қол қойған
МӘСКЕУ. KAZINFORM — Оралда өтіп жатқан XXI Қазақстан — Ресей өңіраралық форумының пленарлық сессиясына бейнебайланыс арқылы қатысып жатқан Мемлекет басшысы Ресейдің жоғары оқу орындары Қазақстандағы ЖОО-лардың көпшілігімен серіктестік орнатқанын айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы Ұлы Абайдың сөзін келтірді: «Орыстың ғылымы, өнері — дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі». Президенттің сөзінше, бұл сөз әлі де өзекті. Ресейдің жоғары оқу орындары, Ресейдің ғылымы әлемдік ғылым-білім прогресінде көптеген көрсеткіш бойынша көш бастап келеді.
— Екі елдің жоғары оқу орындары арасында қос дипломды бағдарламаны және бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын жүзеге асыруды қарастыратын 1453 келісімшарт жасалған. Қазақстанда Ресей университеттерінің тоғыз филиалы табысты қызмет істеп жатыр. Онда төрт мыңға жуық студент білім алады. Әсіресе, құрметті Владимир Владимирович, сонау 2001 жылы Сіздің тікелей араласуыңызбен ашылған Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалын айрықша атап өтуге болады. Сонымен қатар Астанада Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының бөлімшесі жұмысын бастады. Ресейде Қазақстан университетінің алғашқы өкілдігінің ашылуы біз үшін елеулі уақиға болды. Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің базасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы жемісті жұмыс істей бастады, — деді Тоқаев.
Сонымен қоса Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа тұрпатты маман даярлау мақсатында техникалық және кәсіптік білім беруде ауқымды трансформация жүргізіліп жатқанын айтты.
— Колледждер теорияны практикамен, ал білім беру үдерісін өндіріспен ұштастыратын кәсіби мамандар ұстаханасына айналуы қажет. Сондықтан дуальды оқыту үлгісін белсенді дамытуды қолға алдық. Қазіргі таңда 100 мыңнан астам студент 18 мың кәсіпорынның базасында өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр. Төрт мыңнан аса компания 600 колледжге қамқорлық көрсетеді. Олар студенттердің өндірістік тәжірибеден өтіп, шыңдалуына, оқу орнындағы құрал-жабдықтарды жаңғыртуға атсалысады. Техникалық және кәсіптік білімді ақысыз негізде беру жобасы іске асырылуда. Жұмысқа орналасуға кепілдік бере отырып, маман даярлау механизмі енгізілді. Сонымен қатар кәсіби бағдарлау жұмыстары жүргізілуде. Жастар колледжде оқуды шын мәнінде сұранысқа ие мамандықты меңгеру жолындағы алғашқы саналы қадам ретінде қабылдауға тиіс. Педагогтердің қоғамдағы мәртебесі мен біліктілігін арттыруға айрықша көңіл бөлінеді. Техникалық және кәсіптік білім беруді интернационалдандыру аясында халықаралық стандарттар енгізіліп, шетелдік менеджерді тарту және академиялық ұтқырлықты дамыту қолға алынды. Қазақстандағы 60-тан астам колледж 30 елдегі серіктестерімен ынтымақтастық орнатты. Ал тоғыз колледжіміз Ресей колледждерімен және кәсіпорындарымен табысты жұмыс істеп жатыр, — деді Мемлекет басшысы.
Осыдан бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізгені хабарланды.