Қазақстан мен Ресейдің көлік сақшылары бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру бойынша қызметтік кездесу өткізді

ҚР ІІМ Көліктегі ІІД-нің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, кездесу барысында Орынбор желілік бөлімі бастығының орынбасары полиция майоры Р. Магомедов 2013 жылғы I тоқсанда атқарылған жедел-қызметтік жұмыстардың қорытындысы туралы баяндама жасады.
Өз кезегінде сөз алған Ақтөбе стансысындағы ішкі істер желілік басқармасының бастығы полиция полковнигі Сарыбай Сәрсенов қызметтік кездесудің маңыздылығына қысқаша тоқталды. Бұдан соң, С. Сәрсенов ресейлік әріптестерін Ақтөбе стансысы ІІЖБ-нің жұмысы, оның қызмет көрсету аймағы және онда орналасқан теміржол көлік нысандарының бүгінгі тынысы туралы ақпаратпен таныстырды.
Бүгінгі күні, есірткі айналымы, заңсыз көші-қон, қозғалыс құрамдарынан жүктерді ұрлау мен тонау сынды қылмыстармен күрес ең өзекті мәселеге айналды. Жалпы, қылмысты құрықтау ісінде ұлттық және шекаралық деген болмайды. «Бұл ретте, екі елдің көлік сақшылары өзара әріптестікті нығайта отырып, ұсақ құқық бұзушылықтар мен ауыр қылмыстардың алдын алуда қоянқолтық жұмыс жасаулары шарт. Кез келген заңға қайшы әрекеттерге қарсы шараларда ішкі істер органдары ықпалдастық танытатын болса, барлық қылмыстық әрекеттерге тойтарыс беруге болады», - деді басқарма басшысы.
Кездесу барысында екі елдің көлік полицейлері жедел-қызметтік жұмыстарды ұйымдастыру бойынша тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, олар теміржол көліктері арқылы есірткі заттарын контрабандалық жолмен тасымалдау, «бақылаулық тасымалдау» әдісі бойынша есірткі заттарын заңсыз тасымалдау арналарын жою, халықаралық іздестіруде жүрген қылмыскерлерді ұстау, қозғалыс құрамдарынан жүктерді жымқырумен байланысты қылмыстарды ашу және алдын алу жұмыстары бойынша біріккен іс-шараларды ұйымдастыру мәселелерін талқылады.
Өзекті мәселелер жан-жақты сараланғаннан кейін, жоғарыда айтылған бағыттарда жұмыстарды жандандыру мақсатында, екіжақты ортақ келісімге қол қойылды.