Қазақстан мен Тәжікстанның жылдық сауда айналымы 1,4 млрд долларға жеткен

«Мемлекеттеріміз арасында барлық деңгейлерде сенімді саяси диалог жолға қойылған. Біз бірқатар халықаралық құрылымдар шеңберінде өзара іс-қимыл жасап келеміз. Орталық Азияда тұрақты даму мен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп отырмыз. Екі арада әр түрлі саладағы 100-ден астам астам келісімшартты қамтитын салмақты келісім-құқықтық база бар. Бүгін бұл тізім маңыздың келісімдермен толыға түспек», - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан көптеген жыл бойы Тәжікстанның екінші ірі сауда серіктесі болып келе жатқанын еске салды.
«Біздегі деректер бойынша, былтырдың өзінде өзара сауда көлемі 1 млрд 400 млн доллар болды. Екіжақты күн тәртібін ілгерілетуге экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның, сондай-ақ тауар айналымын ұлғайту жөніндегі жұмыс тобының қызметі елеулі үлес қосып отыр. Олардың жұмысы қазақ-тәжік іскерлік кеңесін тиімді толықтырады», - деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның кездесуі басталды.
Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды елорда әуежайында қарсы алған болатын.
Ал, 3 мамырда Қазақстан-Тәжікстан бизнес-форумында бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды.