Қазақстан мен Түркия медицинадағы цифрлық серіктестікті күшейтеді

АСТАНА. KAZINFORM — Анкарада Қазақстанның Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов Түркия Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Шуаип Биринджимен кездесті, деп хабарлайды ДСМ баспасөз қызметі.

Медицинадағы жасанды интеллект: Қазақстан мен Түркия тәжірибе алмасуды кеңейтеді
Фото: ДСМ

Тараптар екіжақты өзара іс-қимылды кеңейту, оның ішінде медицина саласына цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын енгізу бойынша тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады. Түрік әріптестері медициналық көмекті ұйымдастыруды, қаржыландыру қағидаттарын, цифрландыру дәрежесін және негізгі салалық көрсеткіштерді қоса алғанда, ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің жұмыс істеуі туралы баяндама жасады.

Жеке блок халықаралық медициналық қызметтер мен медициналық туризмді дамытуды үйлестіретін ұлттық құрылым — USHAŞ жұмысына арналды. E-Nabız ұлттық цифрлық платформасының архитектурасына және Түркияның басқа да медициналық ақпараттық жүйелеріне ерекше назар аударылады.

— Ұсынылған шешімдер медициналық деректерді біріктіруді, қызмет сапасын арттыруды және пациенттер үшін цифрлық қызметтердің ыңғайлылығын қамтамасыз етеді. Тараптар Қазақстанда осындай шешімдерді бейімдеу — медициналық деректердің бірыңғай базасын құру, электрондық денсаулық паспорттарын дамыту және пайдаланушы сервистерін жетілдіру мүмкіндігін қарастырды, — делінген министрлік хабарламасында.

Бұдан басқа, Ербол Оспанов пен Шуаип Биринджи кәсіби өзара іс-қимылды нығайту және озық әдістемелермен алмасу үшін Қазақстанда түрік медицинасы күндерін өткізу бастамасын талқылады, сондай-ақ екі елдің клиникалары мен университеттерінің базасында медициналық кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау бағдарламаларының перспективаларын қарастырды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар түрік тәжірибесін ескере отырып, әріптестікті одан әрі дамытуға және цифрлық жобаларды бірлесіп іске асыруға дайын екендіктерін растады. Денсаулық сақтауды цифрландыру саласындағы ынтымақтастық туралы бірлескен келісімді әзірлеу және оған қол қою жоспарланып отыр.

Осыдан бұрын Қазақстандық онкологтер обырды адаптивті терапиямен емдеу үшін ЖИ енгізгенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар