Қазақстан мен Жапония ядролық энергетика саласында қандай жобалармен айналысады — сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Жапония ядролық саладағы серіктестігін кеңейтіп, бірлескен ғылыми-техникалық жобаларды жүзеге асырып жатыр. Қазіргі бастамалар мен болашақ жоспарлар туралы Қазақстанның ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев айтып берді.

Қазақстан мен Жапония ядролық энергетика саласында қандай жобалармен айналысады — Сарапшы
Фото: Ядролық физика институты

Институттағы тәжірибелік сынақ алаңында жоғары температуралы газбен салқындатылатын реакторларға арналған материалдар нақты жұмыс жағдайына жақын жағдайда тексеріледі.

Содан кейін мамандар материалдардың қызмет мерзімін, радиациялық төзімділігін және сенімділігін бағалайтын толық постреакторлық зерттеулерді жүргізеді.

Бұл жұмыс төртінші буындағы реакторлардың қауіпсіздігін және экономикалық тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

— Соңғы 15 жылдан астам уақыт бойы Жапония үкіметінің қаржыландыруымен Халықаралық ғылыми-техникалық орталық жобалары аясында Жапония атом энергиясы агенттігімен бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді, — деп атап өтті Саябек Сахиев.

19 желтоқсанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми сапары аясында Токиода Қазақстан ядролық физика институты мен жапондық Marubeni Utility Services компаниясы арасында келісімшартқа қол қойылды. Тараптар ВВР-К зерттеу реакторында жоғары температуралы газбен салқындатылатын реактор отынын ауысымды режимде сынау үшін техникалық-экономикалық зерттеу жүргізуге уағдаласты.

Институттың хабарлауынша, қол қойылған келісімшарт — 2026 жылы қол жеткізуді жоспарлап отырған ұзақмерзімді келісімге жетудің алғашқы қадамы.

Институттың жапондық тараппен бірлесіп жүзеге асырып жатқан екінші бағыты — басқарылатын термоядролық синтезді дамыту. Осылайша бірнеше жыл бұрын Жапонияның Кванттық және радиологиялық ғылымдар мен технологиялар ұлттық институтымен белсенді ынтымақтастық басталды.

— Бүгінде институтта ВВР-К реакторы негізінде термоядролық реактордың қатты бланкет материалынан газ бөліну процестері әртүрлі температурада және желдету газының құрамына байланысты нейтрон сәулеленуі жағдайында зерттеліп жатыр. Бұл жұмыс басқарылатын термоядролық синтезді дамытуды жеделдетуге арналған кешенді тәсіл аясында жүргізілуде. Болашақта осы бағыттағы ынтымақтастықты кеңейту жоспарланып отыр, — деді Саябек Сахиев.

Сарапшының сөзінше, келер жылы институттың Жапония ұйымдарымен ынтымақтастығы кеңейтіледі. Мұнда екі жапон университетімен — Термоядролық ғылымдар ұлттық институты (NIFS) және Ибараки университетімен (IU) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою сөз болып отыр.

— NIFS-пен термоядролық реактор бланкетінің перспективалық материалы бойынша зерттеулер басталмақ және институт пен NIFS арасындағы алғашқы ғылыми тапсырма бойынша келісім бар. Ибараки университетімен ядролық реакторларға арналған нейтронды шағылдыратын перспективалық материалдарды әзірлеу және зерттеу жоспарлануда, — деп түсіндірді сарапшы.

Мұндай ынтымақтастық қазақстандық өнеркәсіп өкілдері, соның ішінде Өскемендегі Үлбі металлургия зауытының қатысуымен үшжақты форматқа дейін кеңеюі мүмкін.

— Ғылым мен технология саласында жетекші елдердің бірі саналатын Жапониямен бірлесіп жұмыс істеу Қазақстанға ғылыми-техникалық деңгейін көтеруге, инновациялық зерттеулерге қатысуға, халықаралық журналдарда бірлескен мақалалар жариялауға және күрделі ғылыми жобаларда сенімді серіктес ретіндегі беделін нығайтуға мүмкіндік береді, — деп атап өтті Саябек Сахиев.

Айта кетейік, Жапония Қазақстанмен ынтымақтастыққа стратегиялық маңыз береді.

Экономикалық және гуманитарлық әріптестіктің дамуы туралы мына материалдан оқыңыз.

Соңғы жаңалықтар