Қазақстан министрлері қандай көлікпен жүреді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде тамыздың бірінші жексенбісі көлік қызметкерлері күні болып белгіленген. Кәсіби мереке қарсаңында ҚазАқпарат агенттігі мемлекеттік органдарға көлік қызметін ұсынатын ҚР Президенті Іс басқармасының Автошаруашылығына қонаққа барды. Мұнда сапалы және қауіпсіз көлік қызметі үшін барлық қажетті инфрақұрылым жасалған.
None

Мұндай маңызды салада әйелдердің де еңбегі орасан. Автошаруашылық директорының пайдалану жөніндегі орынбасары Светлана Бакижанова тілшілерді күтіп алып, мекеменің жұмысымен таныстырды. Светлана Айтбайқызы автошаруашылық саласында 15 жылдан астам еңбек етіп келеді. Кейіпкеріміз еңбек еткен жылдары диспетчер, маман, бөлім басшысы сатыларынан өтіп, директордың орынбасары лауазымына дейін көтерілген.

Жүргізушілер жұмысы таңғы 6-да басталады

«Біздің ұжым мемлекеттік органдарға, сонымен қатар министрлерге, вице-министрлерге, агенттік басшыларына, шетелдік делегацияларға, сондай-ақ өзге де жеке және заңды тұлғаларға жоғары сапалы және қауіпсіз көлік қызметін ұсынады. Министрлердің маңызды шешім қабылдауы үшін, қажетті орындарға баруы үшін көлік керек. Шетелдік делегациялар келгенде де протокол бойынша жоғары класты көліктер берілуі тиіс. Еліміздің имиджі үшін бұл өте маңызды», - дейді Светлана Бакижанова.


Автошаруашылық аумағы 3,2 гектарға жетеді. Бұл аумақта 3 қабатты гараж, кеңсе, медициналық бекет, жөндеу-механика бөлімі, көлік жуатын орын, тіпті жанармай құятын арнайы колонкалар да қойылған. Бұл нысанды ҚР Ішкі істер министрлігінің полиция полкі тәулік бойы күзетеді.

Көлік жүргізушілерінің жұмыс күні таңғы 6-да басталады. Олар желіге шығар алдында міндетті түрде медициналық тексеруден өтеді, қан қысымы өлшеніп, алкоголь ішкен-ішпегені тексеріледі.

Кәсіпорынның іскерлік этика жөніндегі кодексіне сәйкес жүргізушілер ақ жейде, костюм киіп, галстук тағады. Машина да жуылған, таза, артық иіссіз болуы қажет. Күн сайын қадағалау-өткізу бекетіндегі механиктер көлік пен жүргізушіні тексеріп, жанармайын толтырып, содан кейін ғана желіге шығарады.


Осылайша, күн сайын 330 көлік жолға шығып, мемлекеттік орган өкілдерін тасиды. Түнгі уақытта 6-7 көлік кезекшілік етеді.

Отандық өндіріске басымдық беріледі

Автошаруашылық гаражында түрлі маркадағы 400-ге жуық көлік бар. Жыл басынан бері КИА К9, Hyundai H350 сынды 20 көлік сатып алынған.

«Негізінен көп жағдайда Қазақстанда жасалған көліктерді алуға тырысамыз. Біртіндеп отандық өндіріске көшіп жатырмыз деуге болады. Әсіресе ресми іс-шараларға жоғары класты көліктеріміз бар. Yutong маркалы автобустарымыз да Қарағанды облысының Саран қаласынан жеткізілген», - деп түсіндірді С.Бакижанова.


Сондай-ақ, қауіпсіздік мақсатында Мемлекеттік күзет қызметімен қорғалатын тұлғаларға брондалған көліктер беріледі.

Көлікті жеке мақсатта қолдануға болмайды

Диспетчерлер келіп түскен өтінімдерді тіркейді, жүргізушілерге бағыт-бағдар беріп отырады. Ай соңында құжаттама жасалып, қай министрліктің қанша рет көлік шақырғаны, қанша шақырым жүргені жазылады. Олардың барлығына белгілі бір лимит қойылған.

«Біздің көліктердің нөмірі бірден көзге түседі, сондықтан көлікті жеке себептермен қолдануына, балабақша, мейрамхана, сауда орталықтарына баруға рұқсат жоқ. Қала сыртына да шығарылмайды, бәрі қатаң тексеріледі. Әрине, жұмыс бабымен, не іссапарға шықса, бізге алдын ала ескертеді. Бәрін бақылап отырамыз», - дейді автошаруашылық өкілі.


Әрбір жүргізуші өзіне бекітілген көліктің тазалығына, тұтастығына, кешікпей жұмыс істеуіне жауап береді. Күнделікті ауысымнан кейін көліктер міндетті түрде жуылады. Жуылмаған көлік паркинг аумағына кіргізілмейді.

Сонымен бірге, қолданыстан шыққан көліктер Кәсіпорынның жарғысына сәйкес басқа мемлекеттік органдарға, облыстардың әкімдіктеріне өтеусіз жіберіледі.

«Көліктер шамамен 7 жыл қолданыста болғандықтан қауіпсіздік мақсатында жаңа көліктерге ауыстыруға тырысамыз. Қолданыстан шыққан көліктерді Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті арқылы өңірлердегі әкімдіктерге өтеусіз негізде береміз. Жыл басынан бері мерзімі аяқталған 50 көлікті облыстарға жібердік», - дейді спикер.


Жүргізушілер қалай іріктеледі ?

Автошаруашылықта 244 жеке жүргізуші, 72 кезекші және 53 автобус жүргізушісі жұмыс істейді. Оларды іріктеу өте қатаң жүргізіледі, біліктілігі жоғары, ең тәжірибелі мамандар ғана жұмысқа қабылданады. Сондықтан да жүргізушілердің орташа жасы – 30-дан жоғары.

Автошаруашылықтың қауіпсіздік қызметі кезең-кезеңімен жүргізушілердің білімі мен тәжірибесін тексеріп отырады. Ол үшін жолда жүру ережесі бойынша тест тапсыратын компьютерлер мен арнайы тапсырыспен жасалған көлік жүргізу тренажеры тұр.


«Жұмысқа қабылданғысы келген үміткерлер де осы тексеруден өтеді, ең жоғары ұпай жинаған адамдарға басымдық береміз. Механиктеріміз де кезекші көлікті шығарып, үміткерді рульге отырғызып, қаланы аралап келеді. Кәсіби мамандар тәжірибелі үміткерді бірден байқайды. Сондықтан да біздің жүргізушілерге еш шағым айтылмайды, жол апаты да өте сирек, онда да басқа жүргізушердің кінәсі анықталып жатады», - дейді Светлана ханым.

Оның айтуынша, жаңа мамандарға тәлімгер ретінде тәжірибелі жүргізушілер бекітіледі. Осылайша, ұжым арасындағы сабақтастық, ұйымшылдық, кәсібилік сақталады.


Сонымен бірге, Кәсіпорын қызметкерлеріне түрлі әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Баспанасы жоқтарға қызметтік пәтер беріледі немесе жаңа пәтер алуға материалдық қолдау көрсетіледі.

«Жалақы кешіктірілмей, тұрақты түрде беріледі. Барлық әлеуметтік төлемдер жасалады. Корпоративтік рухты көтеру үшін шахмат, футбол, волейболдан турнирлер мен жарыстар ұйымдастырамыз. Жаттығу залы бәріне қолжетімді. Мерекелік концерттерге де белсенді қатысатын өнерлі мамандарымыз бар», - дейді С. Бакижанова.


Соңғы жаңалықтар