Қазақстан мобильді интернет жылдамдығы бойынша нешінші орында

АСТАНА. KAZINFORM — Speedtest Global Index 2025 жылдың екінші жартыжылдығында ең жылдам интернеті бар елдердің рейтингін жариялады. Мобильді интернет жылдамдығы бойынша Қазақстан 45-орынға жайғасқан. 

байланыс пен интернет
Фото: Kazinform

Бұл өткен рейтингпен салыстырғанда 1 орынға жоғары. Салыстырмалы түрде Қазақстан Канада (46-орын), Италия (50), Испания (52), Германия (56), Ұлыбритания (57), Жапония (64) сынды дамыған мемлекеттерді артқа тастаған.

Ал қалалар тізімінде Астана мен Алматы қатар тұр. Мобильді интернет жылдамдығы бойынша Астана бес позицияға төмендеп, 62-орынға түссе, Алматы екі сатыға шегініп, 63-орынды иеленген. Астанадағы орташа жүктеу жылдамдығы — секундына 132,13 мегабит, ал Алматыда — 130,72 мегабит.

Фиксацияланған кеңжолақты интернет жылдамдығы рейтингінде жағдай нашарлау. Қазақстан әлемдік рейтингте 89-шы орында тұр. Десек те, бұл оған дейінгі нәтижеден 1 сатыға жоғары. Мұнда екінші жарты жылдықтағы орташа жылдамдық 82,47 мегабит/с болған.

Қазақстан мобильді интернет жылдамдығы бойынша 45-орында
Фото: Скрин

Ал мобильді интернет жылдамдығы бойынша үздік мемлекеттер төмендегідей:

1. Біріккен Араб Әмірліктері — 652,87 Мбит/с;

2. Қатар — 515,23 Мбит/с;

3. Кувейт — 384,40 Мбит/с.

4. Бразилия — 251,55 Мбит/с.

5. Болгария — 237,03 Мбит/с.

Қазақстан мобильді интернет жылдамдығы бойынша 45-орында
Фото: Скрин

Айта кетейік, биыл алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша мобильді интернет сапасы рейтингінде Қазақстан 47-орынды иеленген. Бұл өткен жылдың нәтижесімен салыстырғанда 10 сатыға жоғары.

Бұған дейін Абай облысындағы 10 ауыл жыл соңына дейін интернетке қосылатынын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар