Қазақстан мұнайға тәуелділікті азайтып, өңдеу өнеркәсібінің өсуіне екпін қояды — форум
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Астана халықаралық форумында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов шикізаттық емес секторда басымдық берілетін бағыттарды атады.

— Жалпы ішкі өнімдегі мұнай саласының үлесі азайып келеді. Бұл жағдай басқа салалардың, ең алдымен өңдеу өнеркәсібінің жылдам қарқынмен өсуіне байланысты байқалып отыр. Былтыр біз мұны тағы да іс жүзінде көрдік. Өздеріңіз білесіздер, 2024 жылы Қазақстанда мұнай өндіру тіпті төмендеді. Осыған қарамастан, экономиканың қалған бөлігі жоғары қарқынмен өсті. Ал экономиканың жалпы өсімі 4,8 пайызды құрады, — деді А. Қасенов.

Вице-министр өңделген өнімнің экспорты өсіп келе жатқанын айта келе, былтырғы бұл көрсеткіш доллар эквивалентінде 12 пайызға артқанын жеткізді.
— Өндіру деңгейі (мұнайдың) табиғи факторлармен объективті түрде шектелгендіктен, ол 5 жылдың ішінде 105 млн тонна мұнай деңгейінде шарықтау шегіне жетеді деген пікір бар. Былтыр біз шамамен 88 млн тонна мұнай өндірдік, яғни өсім 17 пайызбен шектелді. Объективті түрде мұнай секторының рөлі мен үлесі төмендей береді. Бұл ретте қай бағытқа көңіл бөлуіміз керек? Біріншіден, ЖІӨ құрылымында еңбек өнімділігі жоғары болуы тиіс. Екіншіден, экспортқа қабілеттілігі жоғары салалар болғанын қалаймыз. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда шикізатты өңдейтін салалардың үлесін айтарлықтай арттыруда әлеуеті өте жоғары, — деді ол.
Еске салсақ, былтыр еліміз 87,7 млн тонна мұнай өндірді.
2025 жылға арналған мұнай өндіру көлемі жобалық құжаттарға сәйкес 96,2 млн тоннаны құрайды.
Ал 2026 жылдан бастап ірі жобаларды жүзеге асыру есебінен жылдық мұнай өндіру көлемі 100 млн тоннадан асады.